Бурабайда қоңыр күз. Ешкім жоқ бірақ көңілсіз
Бурабай, BAQ.KZ тілшісі. Әр мезгіл өзіне тән сұлулығымен, қайталанбас пейзажымен ерекше. Күзде табиғат түрлі түске енеді. Осындай тамаша сәтті қыркүйек айының аяғы мен қазан айының басында тамашалауға болады.
Baq.kz редакциясы Бурабай курортына саяхаттап, орман ішімен жүріп, «алтын» күзді суреттер арқылы тамашалауға шақырады.
Дегенмен, курорт жаз мезілінен айтарлықтай өзгеше. Себебі, күзде мұнда адам қарасы да өте аз.
Демалыс күндері Бурабай көшелерінен жергілікті тұрғындар мен алыс-жақын маңнан келген және астаналық туристерді кездестіруге болады.
Бурабай курортының күзгі сұлулығын тек сурет не видеолардан ғана емес, оны әр адам өз көзімен көруі керек.
Оны көріп, тамсанбайтын жан болмайды.
Орман ішіндегі жолмен жаяу жүріп, түрлі кейіпке енген ағаштар жетерлік.
Әсіресе, сап-сары түске енген өсімдіктер көзді қуантады.
Адамның аздығынан болар, курортта тыныштық орнаған, әрі қарбалассыз өмір салтына түскен.
Пандемия салдарынан биыл курортқа келушілер саны күрт төмендеді. Себебі, карантин талабына сәйкес курортты аймақтар жұмысын уақытша тоқтатқан болатын.
Курортта жүрген азаматтың бәрі болмаса да, біршамасы карантин талабын сақтап, маска киіп жүр.
Туристер ағыны азайғаннан болар, Бурабайда біршама кафе, ресторан, асхана мен дүкеннің жұмысы тоқтатылған.
Аталған жердің ерекше таза ауасымен тыныстап, сергіп қайтқан турист қайта оралғысы келетіні айтпаса да белгілі.
Себебі, Бурабай ауасымен демалған адамның денесі ғана емес, жаны да емделеді.
Ал тауға көтерілу – ол бір бөлек дүние.
Келушілердің көпшілігі Бөлектау тауына көтеріледі. Оның биіктігі 147 метр.
Таудан Жұмбақтас, Оқжетпес тауына және Бурабай мен Үлкен Чебачье көлдеріне керемет көрініс ашылады.
Тауға шығуға арналған арнайы жол және ағаштан жасалған баспалдақтар бар.
Естеріңізде болса, Бурабай курорты аймағында «Орман сақшысы» («Хронитель леса») пайда болған еді. Мифтік кейіпкердің мүсіні Үлкен Чебачье мен Текекөл көлдерінің арасындағы AqBura курортына қойылды.
Кеш түскенде барғандықтан, AqBura курортында орнатылған нысандарды аралап үлгермедік.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, күн жарықта келсеңіз, басқа әлемге тап болғандай боласыз.
Бурабай орманымен жаяу жүргінші мен велосипед тебушілерге арналған жолақтар бар.
Жол-жөнекей орман тұрғындарын кездестіруге болады. Әсіресе, тиіндер алдыңыздан жиі шығады. Қолыңызда бар тағамды ұсынсаңыз, қорықпай келіп алады.
Бурабай көлі жағасында толқынды тамашалап отыруға да болады.
Кей жерлерден шашылған қоқыстарды да кездестірмеу мүмкін емес.
Катамаран, қайықты жалға берушілер әлі де жұмыстарын тоқтатпаған. Себебі туристер арасында Жұмбақтасқа қарай барғысы келетіндер көп.
Одан бөлек, велосипед жалға алуға да болады.
Туристерге арналып орнатылған қозғалыс бағыты белгішелерінің атаулары ең алдымен қазақ тілінде және шетелдік туристер үшін ағылшын тілінде де орнатылғаны жөн болатын еді. Дегенмен, көп жерде тек орыс тіліндегі белгішелерді кездестіруге болады.
Айтпақшы, курорттағы әжетхана мәселесі әлі де шешілмеген. Біз көрген «мекемелер» құлыппен жабылған.
Енді жақында курортта қар да түседі. Әйтсе де, қысқы Бурабайды әдемі емес деп кім айтты? Оның да мезгілге сәйкес өзінің ерекшелігі бар.
Біз түсірген фотолар Бурабайдың бар әсемдігін жеткізе алмайды. Десек те, «алтын» Бурабайды көрген де арманда, көрмеген де арманда.