Бурабайда мультимедиялық интерактивті кешен ашылды

Бүгін «Бурабай» ұлттық паркінде Қазақстандағы ең жоғары технологиялық интерактивті мұражайлардың бірі, Абылай хан алаңында орналасқан мультимедиялық интерактивті кешеннің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кешен мәдени-көрмеде үйлесімді орын тауып, Қазақстанның мәдени, рухани және тарихи мұрасын дамытуға ықпал етеді. Салтанатты іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, ҚР Президенті Іс басқарушысының орынбасары Рустам Баялиев және т.б. қатысты.

Бурабайдың тұмса табиғатын, тарихи-мәдени байлығын көпшілікке таныту – өте өзекті. Бүгінгі заманауи инновациялық кешеннің ашылуы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызды қадамдардың бірі деп есептеймін. Мұнда жастар өңірді ғылыми-шығармашылық тұрғыдан терең зерделеп, рухани кемелденіп, мол тағылым алады деп сенемін, – деді Аида Балаева. 

Сонымен қатар мұндай кешендер тек тарихи тұрғыдан ғана емес, қоғамдық сананы жаңғыртуға ықпал ететін озық институт құруда маңызды екенін атап өтті.

Кешен 2021 жылы іске қосылды, 3 жылдан кейін оның тұжырымдамасы қайта қаралып, соңғы анимациялық және аудиовизуалды технологияларды қолдана отырып жаңартылды.

«Мультимедиялық интерактивті кешен — жай ғана музей емес, бұл жерде инновация мен дәстүр ортақ үйлесім тапқан. Кешеннің Абылай хан алаңында орналасқаны – ерекше оқиға. Бұл жер еліміздің киелі орындарының тізіміне кіреді және Бурабай курортының ең басты көз тартар орны. Мультимедиялық орталық демалыс пен ойын-сауық орны ғана емес, сонымен қатар мәдени пікір алмасу орталығы болатынына сенемін»,– деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Кешен Ұлы Дала мұрасы, Қазақстанға саяхат, Самұрық құсының ұшуы, Батырлар даласы, Мәңгілік Ел, Ұлы Дала тарихы, Қазақтың тарихи тұлғалары, Уақыт дәлізі, Абылай хан батасы деп аталатын тоғыз тақырыптық аймаққа бөлінген. Бұл әрбір келушіге қазақ мәдениетін сезінуге және ел тарихымен танысуға мүмкіндік береді. 

Айта кетейік, жыл сайын Қазақстандағы визит-орталықтарға мыңдаған адам келеді. Іле-Алатау ұлттық саябағындағы Түргенсай және Шарын шатқалы сияқты ең танымал жерлерді жылына 300 000 адам көреді. Бұл сандар аталған мекендердің ерешелігін ғана емес, елдің бай мәдени мұрасын сақтауға және насихаттауға ықпал ететін инфрақұрылымды дамытуға, қолдауға бағытталған жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы