Бурабайда ашылған мектепте ауылдың дарынды балалары оқиды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Демалыс күндері Бурабай курорт аймағында IQanat High School of Burabay пансионат орта мектебі ашылды. 

Бұл – бірегей мектеп. Мектептің құрылысы меценаттардың жеке қаражаты есебіне салынды. Бұл мектепте ауылдан шыққан дарынды балалар тегін оқитын болады, олар алдын ала олимпиада қорытындысы бойынша іріктеледі. Мектеп әкімшілігі оқушылар мен педагогтер екі рет COVID-19 вирусына тест тапсырғанын, екі апта медицина қызметкерлерінің қарауында, оқшаулануда болғанын хабарлады. Сондай-ақ Айқанат мектебінің балалары бірінші тоқсанда кезең-кезеңмен ПЦР-тестін тапсырып отырады. Мектептің өзі ауылдық жерде орналасқан. Балалар мен мұғалімдер сол жерде тұрып, білім алады. Ол үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Жаңа мектептің ашылуына ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері шақырылды. Меценаттар ауылдан шыққан дарынды балаларды оқытуға арналған осындай мектептерді басқа өңірлерде де ашуды жоспарлар отыр, - дейді ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Гауһар Омарбек.  
Оның айтуынша, жалпы жекеменшік балабақшалар мен мектептердің ашылуы білім саласындағы инфрақұрылымның дамуына зор үлес қосып жатыр. 
Елімізде қысқа уақыттың ішінде жекеменшік мектептердің саны екі есеге артты. Қазір елімізде 3000-ға жуық шағын жинақты мектеп штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Бұл мектептердің басым бөлігі ауылдық жерлерде орналасқан. Елімізде 7 мыңнан астам мектеп бар. Оның 3 мыңға жуығы шағын жинақты мектеп. Санитар дәрігерлердің шешімі, рұқсаты бойынша ол мектептер штаттық режимде, дәстүрлі форматта жұмыс істеп жатыр. Шағын жинақты мектептердегі бала саны 50 ден 180-ге дейін, - дейді баспасөз хатшысы. 
Айта кетейік, білім ордасы жеке инвестордың қаражатына салынған. Инвестицияны BI Group құрылыс холдингі құйған.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы