"Бурабай" ұлттық табиғи паркі өртке қарсы іс-шараларды күшейтті

Аптап ыстық ауа райына байланысты "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі өрттің алдын алу жұмыстарын күшейтті, деп хаабрлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы ұлттық табиғи парктің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Биыл ұлттық парк аумағында өрт болған жоқ. Болмайды деп үміттенеміз. Ол үшін барлық мамандарымыз барынша күш салуда. Орман өрті негізінен адамның кінәсінен болады. Сондықтан біздің инспекторлар профилактикалық мақсатта халықпен әңгімелесуге көп уақыт бөледі, - деді Ұлттық парктің бас орманшысы Бауыржан Махметов.

Төтенше жағдайға даярлықты арттыру үшін өрт қаупі күшейген маусымның басынан бастап саябақта азаматтық қорғау бөлімшелерімен бірлесіп 6 профилактикалық тактикалық оқу-жаттығу өтті.

Тағы бір тиімді шара - өртке қарсы тосқауылдар қою. Әзірлік барысында "Бурабай" ұлттық паркінде жаңадан 55 шақырым минералды жолақ тартылып, бұрын салынған 5500 шақырым жолаққа күтім жасалды.

Орман өрт сөндіру станциясының паркі жыл сайын арнайы техникамен толығады. Жоғары техникалық дайындық өрт сөндіру станциясының жауынгерлеріне тілсіз жауды тез арада ауыздықтап, ұлттық парк экожүйесіне келген залалды барынша азайтуға мүмкіндік береді. Инспекторлар демалушыларға қызмет көрсету орындарында жалға алушылар мен келушілердің өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауын, өртке қарсы жабдықтардың болуын тексереді, сол үшін тұрақты рейд жүргізеді. Жыл басынан бері жалға алушыларға бұзушылықтарды жою туралы 22 ұйғарым берілді.

Өрт қаупі артқан кезеңде орман қоры аумағында қатаң тыйымдар күшіне енеді. Айталық, өрт тосқауылдары бар арнайы орындарда ғана от жағуға болады. Саябақ аумағында 45 пикник аймағы бар, оның 30-дан астамы қауіпсіз от жағуға арналған арнайы ошақпен жабдықталған. Бірақ мұнда да алауды қараусыз қалдыра алмайсыз, кетер алдында мұқият сөндіру керек.

Автокөліктерді тек белгіленген жерлерде қоюға рұқсат берілген, өйткені ыстық түтіндігінен құрғақ шөп тұтанып кетуі әбден мүмкін. Табиғи парк аумағында отшашу мен басқа да өрт әсерлерін пайдалануға тыйым салынады.

Пикниктен кейін қоқысты жағу, тасталған сіріңкелер, сөндірілмеген темекі тұқылы - мұның бәрі өрттің шығуына әкелуі мүмкін. Ашық күнде өрт тіпті шашылған әйнек шөлмекке күннің шағылысуынан да тууы ықтимал. Smart National Burabay сияқты заманауи технологиялар өрт шыққан жерді тез арада анықтауға және жоюға мүмкіндік береді. Электронды жүйенің арқасында өрт аумағын ондаған есе қысқартуға мүмкіндік туды. Алайда, әрқайсымыздың табиғат аясындағы қарапайым ережелерді сақтауымыз керек. Саябаққа келушілердің бәрі жауапты әрі мұқият болса, Бурабай ұлттық табиғи паркінің мыңдаған гектар орманын ешқандай артық шығынсыз, аман сақтап қаламыз, - деді бас орманшы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: "Бурабай" МҰТП баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы