«Бурабай» ұлттық паркіндегі көлдерге тұқының 60 мыңдай шабағы жіберілді

Президентінің Іс Басқармасына қарасты «Бурабай» МҰТП мамандары Шортанды, Бурабай және Үлкен Шабақты көлдеріне 60 мыңға жуық тұқы шабағын жіберді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әр балықтың орташа салмағы – 25 г. Алты айда біршама жетілген балықтардың суықта аздап салмағы азайғанымен, қысты жақсы өткізеді дейді жануарлар дүниесін қорғау және молайту бөлімінің мамандары.

Ұлттық парк көлдеріне қандай балық түрін жіберуді,  ұсынылатын балық аулау лимитін осында жыл сайын зерттеу жүргізетін «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-ның аумақтық филиалы айқындайды.

Біз ұлттық парк аумағындағы су айдындарына балық жіберуді  берілген ұсынымдарға сәйкес тұрақты негізде жүргіземіз. 2010-2019 жылдар аралығында көлдерге 477 мың тұқы шабағы мен 19 миллионнан астам ақ балық тұымдас рипус пен пелядтің майшабақтарын жібердік. Кейін пандемияға байланысты жұмыс уақытша тоқтатылған-ды. Биыл қайта қолға алып, парктегі ең үлкен үш көлді тұқы балығымен толтырдық, – деді «Бурабай» МҰТП инженер-ихтиологы Максим Пак.

Тұқы – «Бурабай» МҰТП көлдерінің ихтиофаунасына бейімделген бағалы балық түрі. Ғылыми қызметкерлердің пікірінше, оның көбейгені көлдердің экожүйесіне жағымды әсер етеді.

Балықшылар тұқы аулауға ерекше құмар екенін де айта кеткен жөн. Айдынға үнемі шабақ жіберіліп, балық аулау барысын үнемі бақылауда ұстап отырса, көлдердің биосферасына зиян келмейді.

Айта кету керек, Президент Іс Басқармасына қарасты «Бурабай» ұлттық табиғи паркі республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аймақ жүйесіне кіретін мемлекеттік табиғат қорғау мекемесі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы