Бурабай әкімі мас күйінде көлікте отырғаны үшін қызметтен кетті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бурабай әкімі Талғат Амантаев қызметтік көлікте мас күйінде жүргені үшін жұмыстан босатылды.
Жол полициясы Щучье қаласында әкім мінген көлікті тоқтатып, медициналық тексеруге жібереді.
«Талдау нәтижесі жеңіл дәрежеде алкогольді мас күйінде болғанын көрсетті. Осыған байланысты, Бурабай аудандық сотының үкімімен Талғат Амантаев Әкімшілік құқыбұзушылық кодексі 608-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды», - деп хабарлады ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның хабарлауынша, әкім 3 жыл көлік жүргізу құқығынан айрылған. Сонымен қатар, 23 тамызда оның ісі Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралған.
«Кеңес отырысында Талғат Амантаев істеген әрекетіне өкінді. Бірақ Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері оның бұл әрекеті әрі қарай мемлекеттік қызметті атқаруға мүмкіндік бермейді деп шешті», - деді баспасөз қызметіндегілер.
Әкім 9 қыркүйекте қызметінен кеткен.