Бұқаралық спортты барынша қолжетімді ету керек – Азиз Оразбаев
Президент соңғы жолдауында барлық жастағы ел азаматтары үшін бұқаралық спортты дамыту маңызды екенін атады. Осы орайда БАҚ өкілдері арасында футзал, волейбол, үстел теннисі, шахмат сияқты спорт түрлерін насихаттап жүрген BAQ LIGA жетекшісі Азиз Оразбаевтан бұқаралық спорттың бүгінгі жағдайы мен дамыту жолдарын сұрап көрдік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- Біздің бұқаралық спорттың жай-күйі қандай, шешуді қажет ететін қандай маңызды мәселелер бар?
- Бұқаралық спортты барынша қолжетімді етуге тырысу керек. Осы орайда мемлекет тарапынан ART-SPORT деген тамаша бағдарлама болды. Бірақ кейбір адамдар өздерінің жеке мүдделерін пайдаланып, сол бағдарламаның артын ірітіп-шірітіп жіберді. Сосын оның жүзеге асып кететініне халықта сенім қалмады. Идеясы керемет, бірақ жүзеге асыру жағы кемшін болып қалды.
Сондай мәселе бар. Ал әйтпесе бұқаралық спортпен айналысамын деген адамға ешқандай кедергі жоқ. Тек үгіт-насихат дұрыс жүргізілуі керек. Елордада әрбір аулада турниктер, тренажерлар, work out алаңдар бар. Барлық жағдай жасалған. Бірақ онда спортпен айналысып жатқан жастарды да, үлкен кісілерді де аз көресің. Спорт дегенде құралдарды салып қана қоймай, үгіт-насихатын да дұрыс жүргізе білу керек.
Екінші мәселе – инфрақұрылым. Осы жағдай Астананың өзінде де нашар. Мәселен, футбол ойнайтын қандай стадиондар бар? Қазір “Астана арена” жабық. Ол жаққа ешкімді кіргізбейді. Басқа алаңдар өте аз. Астананың өзінде саусақпен санарлық төрт-бес қана стадион бар. Басқа стадион жоқ. Ол жақта бұқараны жинап, спорт түрлерін өткізейін десең, бір мүмкіндік жоқ. Қыста мүлдем жабық. Кешенді спорт ареналары өте аз, бағасы да удай қымбат. Астанада сағатына 50 мың теңге тұрады. Ол өте қымбат.
- Бұқаралық спортты АҚШ-тағыдай дәрежеге жеткізу үшін қандай қадамдар, реформа жасауымыз керек?
- Былай қарасаң, АҚШ-та мемлекет тарапынан Олимпиада чемпионына берілетін сыйақы теңгеге шаққанда 18 миллионның ар жақ-бер жағы. Ал бізде алтын медальға 250 миллион теңге беріледі. Қараңыз, қандай айырмашылық?! Бізде бұған әлдеқайда көп көңіл бөлінеді. Соған қарамастан, қандай жарыс болмасын АҚШ-тың спортшылары үнемі алдыңғы қатарда, үнемі жоғары орында тұрады. Неліктен? Өйткені оларда бұқаралық спорт өте тамаша дамыған. Олардың киноларында колледж, мектептер арасындағы жарыстар міндетті түрде көрсетіліп отырады. Насихат жақсы.
Екіншіден, колледж болсын, мектеп залдарында болсын, артында трибуналар бар. Бізде ондай нәрсе жоқ. Осы жерде айта кетейін, негізі бізде әр мектепті салғанда, әр жоғары оқу орнын салғанда міндетті түрде спорт кешенінің болуын міндеттеу керек. Біздің мектептерде тек залды ғана салады. Болды. Басқа ештеңе жоқ. Ол залда футбол да өтеді, волейбол да ойнайды, жүгіреді де.
Біз ені 20 метр, ұзындығы 40 метр қылып саламыз да, сол жерге бәрін тығып жібереміз. Ал негізінен әр мектепке спорт кешені болуын міндеттеу керек. Мемлекет тарапынан сондай бір стандартты заңға енгізіп қойса, керемет болады. Ол жерде трибунасын, кішігірім бассейнін салуды міндеттеу керек. Мемлекеттік мектептердің өздері солай болу керек. Сонда бізде бұқаралық спорт жақсы дамиды.
- Бұқаралық спортты, әсіресе футболды дамытуда тұрғын үй аулаларындағы футбол алаңдарының әсері қандай?
- Соңғы уақыттары Астанада, Алматыда немесе басқа қалаларда да әр аулаға футбол алаңдарын салуды көптеп қолға алып жатыр. Бұл бір қарағанда жақсы нәрсе. Бірақ тағы да сол жай ғана есеп үшін сияқты.
Астана қаласының әкімдігі есеп берген кезде “қаламызда пәленбай мың футбол алаңы бар” дейді. Иә, расымен де бар. Бірақ барып қарасаң, жасанды шөптері жыртылып жатады немесе жай ғана қорап, жай ғана қоршап тастаған. Шалыс басып қалсаң, жарақат аласың. Ал негізінен ондай жер кең болу керек. Сосын ол жерде міндетті түрде трибуна болу керек, оны міндеттеу керек. Трибуна болмаған жағдайда ол бұқаралық сипат алмайды.
Сондықтан міндеттеу керек. Футбол алаңын сала ма, дұрыс болсын. Мектеп сала ма, спорт кешені болсын. Салынатын бизнес орталықтарына да футзал, бассейн, фитнес салуды міндеттеу керек, стандартқа қою керек. Сол бизнес орталықта жұмыс істейтін адамдарға 50 пайыздық немесе 30 пайыздық жеңілдік жасау керек.