22 Қазан 2026, 12:01

Буллинг, суицид және нашақорлық: Бас прокуратура балаларды қорғаудың жаңа тетіктерін ұсынды

Қазақстан Республикасы Бас прокуроры Берік Асыловтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Жиында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың, буллингтің, суицидтің және нашақорлықтың алдын алу, сондай-ақ балаларды қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Отырысқа Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Құрылтай Төрағасының орынбасары Динара Закиева, Президенттің көмекшісі Елдар Толғанбаев, Үйлестіру кеңесінің мүшелері, Құрылтай депутаттары мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Өңірлерден облыс прокурорлары мен әкімдері бейнеконференцбайланыс арқылы қосылды.

Жиында Бас прокуратураның Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің және қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау қызметінің бастығы Дәулет Ақылбеков, Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха және Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов баяндама жасады.

Жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі 7%-ға төмендеген

Соңғы үш жылда кәмелетке толмаған 7 мыңға жуық жасөспірім қылмыс жасаған. Олардың әрбір екіншісі ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Осы кезеңде 2,5 мыңға жуық жасөспірім сотталған, тағы 3 мыңға жуығы полицияның профилактикалық есебіне алынған. Тек биылдың өзінде буллинг фактілері бойынша 2 мыңнан астам өтініш түскен.

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Бас прокуратураның «Саналы ұрпақ» жобасы аясында 10 айда 19 мың рейд жүргізілген. Нәтижесінде 4 мың жасөспірім профилактикалық есепке қойылған. Түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүрген 2 400 бала анықталып, 304 кафенің алкоголь өнімдерін сату лицензиялары кері қайтарылған.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі 7%-ға төмендеген.

Жамбыл облысында да профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыруға бағытталған тәжірибе қолға алынған. Облыс прокуратурасының бастамасымен 190 мектепте құқықтық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары лауазымы енгізілді. Соның нәтижесінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар 24,7%-ға, жасөспірімдердің өздері жасаған қылмыстар 3,4%-ға, ал жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар 54,5%-ға азайған.

Осы тәжірибені республика көлемінде кеңейту ұсынылды.

«BALAZHAN» платформасы балаларға көрсетілетін көмекті бақылауға мүмкіндік береді

Отырыс барысында балаларды қорғаудың практикалық тетіктері де талқыланды. Құрылтай Төрағасының орынбасары Динара Закиева қайталанып анықталған жағдайларды қоса есептегенде, 800 мыңнан астам баланың көмекке мұқтаж екенін атап өтті.

Балаларды жеке сүйемелдеу және оларға көрсетілетін қолдауды бақылау мақсатында «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп әзірленген «BALAZHAN» бірыңғай мемлекеттік платформасы таныстырылды. Жүйе орталық және өңірлік деңгейде анықталған әр баланың жағдайын, проблемалардың туындау себептерін және көрсетіліп жатқан қолдау шараларын бақылауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Бас прокуратура қауіп-қатерлерді ерте анықтауға арналған «AiMap» IT-жүйесін сынақтан өткізді. Жүйе есірткі сататын интернет-ресурстарға тұрақты түрде кіретін оқушылардың аккаунттарын анықтауға бағытталған.

Отырысқа қатысушылар кәмелетке толмағандар арасындағы нашақорлықтың алдын алу және цифрлық құралдар арқылы тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтау мәселелерін де қарады.

Балалардың қауіпсіздігі үшін ведомствоаралық жұмыс күшейтіледі

Отырыс қорытындысы бойынша балалардың құқықтарын қорғау және профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар міндет айқындалды.

Атап айтқанда, Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне буллингті, суицидтік тәуекелдерді және өзге де қауіп-қатерлерді ерте анықтау бойынша үйлестіруші рөлді бекіту ұсынылды. Сондай-ақ профилактикалық жұмыстың көрсеткіштерін әкімдердің қызметін бағалау жүйесіне енгізу және 111 байланыс орталығы арқылы кәмелетке толмағандарға құқықтық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейту қажеттігі айтылды.

Бас прокурор Берік Асылов «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» тұжырымдамаларын ілгерілету аясында әлеуметтік желілерде балаларға арналған пайдалы білім беру контентін әзірлеу мен таратудың маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар ол уәкілетті мемлекеттік органдардың балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі жауапкершілігін арттыру қажеттігін атап өтті.