Буллинг пен суицид мәселелері: Прокурорлар мен психологтар оқушылармен онлайн кездесу өткізді
Түркістанда прокурорлар мен психологтар балалардың өзекті сұрақтарына онлайн форматта жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ Түркістан облысының прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысында 1 297 мектепте 500 мыңға жуық оқушы білім алады. Балалардың қауіпсіздігі – өңір прокуратурасының басым бағыттарының бірі.
2025 жылдың қыркүйегінен бастап «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында прокурорлар, ювенальды полиция және психологтар 4 мыңға жуық кездесулер өткізіп, оқушылардан 10 мыңнан астам сұрақ қабылдады. Сол сұрақтар сарапталып, ішіндегі ең өзектілері іріктелді.
Бүгін Түркістан облысы прокуратурасы мен психолог мамандар осы мәселелер бойынша онлайн кездесу өткізіп, балаларға тікелей жауап берді. Іс-шараға 170 мыңнан астам оқушы, 8 мыңнан астам педагог, сондай-ақ 20-ға жуық мектеп психологтары қатысты.
Кездесуде кәмелетке толмағандар арасында жиі кездесетін мәселелер талқыланды:
- құқықбұзушылықтардың алдын алу;
- буллинг және кибербуллинг;
- суицидтің алдын алу тәсілдері;
- әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік;
- балалардың күнделікті өміріне қатысты өзге де маңызды сұрақтар.
Түркістан облысы прокурорының орынбасары Даулет Тлемисов балалардың құқықтық сауаттылығын арттыруда ата-ана, мұғалім және психологтың бірлескен жұмысы шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
Онлайн кездесуде қойылған сұрақтар әрі қарай талданып, оқушылармен тұрақты кері байланыс орнату мақсатында осындай тақырыптағы шаралар ай сайын өткізіліп отырады.
Мақсат – мектептерде құқық бұзушылықтың алдын алу тетіктерін күшейту және балалардың жан-жақты қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
«Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясындағы түсіндіру жұмыстары өңір мектептерінде жалғаса береді.