10 Қыркүйек 2026, 10:29 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Буллинг екі есе өскен: Депутат 16 жасқа дейін әлеуметтік желіні шектеуді ұсынды

Қазақстанда 16 жасқа дейін әлеуметтік желіге тіркелуге шектеу ұсынылды.

Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжанов 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне шектеу қою тетігін нақтылауды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында балалардың әлеуметтік желіні пайдалануына қатысты мәселе көтерді.

Сондай-ақ, балалар әл-ауқаты индексіндегі 10-18 жас аралығындағы әлеуметтік желілер арқылы жасалатын буллингке ұшыраған балалардың көрсеткіші екі еседен асып, 2024 жылы – 15 пайызға, 2025 жылы – 33,5 пайызға көтерілген.

Мәселе баланың әлеуметтік желіде отыруында ғана емес, оның уақыты мен жадын жоғалтуында. Әлеуметтік желіге шамадан тыс әуестік баланың кітап оқуына, спортпен айналысуына, отбасымен қарым-қатынасына және сабаққа дайындалуына бөлінетін уақытты қысқартады. Соның салдарынан зейін қою, ақпаратты терең қабылдау және өздігінен ойлау дағдылары түбегейлі әлсірейді, – деді депутат.

Бұл мәселенің өзектілігін әлем елдерінің тәжірибесі де көрсетіп отыр. Ашық дерек көздеріне қарағанда, 2026 жылы 25 елде балалардың әлеуметтік желідегі жасына қатысты заңнамалық шаралар нақты қаралған.

Мәселен, Австралия алғашқылардың бірі болып 16 жасты шек ретінде бекітті. Мұндай шектеулер Бразилия, Индонезия және тағы басқа елдерде де күшіне енген. Көптеген елдер 15-16 жасты негізгі шек ретінде қарастырып отыр. Қазақстан да осы бағытта нақты әрі тиімді модель қалыптастыруы қажет, – деді Әшімжанов.

Депутаттың айтуынша, алайда заң қабылдаумен мәселе шешілмейді.

Баланың жасын қалай анықтаймыз? Жеке деректерін кім және қалай қорғайды? Шектеуді айналып өтетін жалған аккаунттарға тосқауыл қалай қойылады? Ал білім алуға қажетті цифрлық платформаларға қолжетімділік қалай сақталады? – деді ол.

Мемлекет басшысы да заң қабылдаумен қатар, оның нақты орындалу тетігін алдын ала ойластыру қажеттігін атап өтті.

Біздің басты мақсатымыз – балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді депутат.

Осыған байланысты Үкіметтен:

1. 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне шектеу қою тетігін нақтылауды;
2. балалардың жеке және цифрлық деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді;
3. мектептерде цифрлық гигиена, медиасауат және әлеуметтік желіні қауіпсіз пайдалану дағдыларын жүйелі оқытуды;
4. әлеуметтік желінің балалардың психологиялық денсаулығына, ұйқысына және оқу үлгеріміне әсерін тұрақты зерттейтін ұлттық мониторинг жүйесін енгізуді сұраймыз.

Депутаттық сауалға заңнамада көрсетілген мерзім бойынша жауап беруіңізді сұраймын, – деді Жанарбек Әшімжанов.

Еске салсақ, Құрылтай отырысында Құрылтай депутаты Снежанна Имашева Құрылтай Регламентінің ұсынылып отырған жобасы туралы айтты. Құрылтай Регламентінің ұсынылып отырған жобасы – еліміздегі жоғары өкілді органның ішкі ұйымдастырылуын және қызмет тәртібін айқындайтын құжат. Регламентінің жобасы қабылданды.