Бүлдіршінді соққылап, тепкілеп, қолын бұраған: Кішкентай баласын аяусыз ұрып-соққан ана қамалды

Жаркент қаласындағы WhatsApp топтарында таралған бейнежазба фактісі бойынша Панфилов аудандық полиция қызметкерлері жедел түрде тексеру жүргізді. Тексеру барысында 28 жастағы әйелдің кәмелетке толмаған 3-4 жастағы баласына дене жарақатын салғаны анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жетісу облысының Полиция департаменті мәлім еткендей, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әйел қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Екі бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық мән-жайды анықтағанға дейін Отбасын қолдау орталығына орналастырылды. Қамқоршылық және қорғаншылық органының атына ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарау туралы тиісті ұсыныс жолданатын болады, - деді Жетісу облысы ПД басшысының орынбасары Руслан Чарапиев.

Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында. Тергеу нәтижесі бойынша кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Бұған дейін Жаркентте 28 жастағы анасы өз баласын аяусыз соққыға жыққанын хабарлаған болатынбыз. Аталған оқиға әлеуметтік желіде тез тарап, резонанс тудырды. Белгілі болғандай, баланың әкесі болған жайтқа араласпай, жанында үнсіз отырып, бәрін телефонға түсіріп отырған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: taldykorganec_kolesa / видеодан скрин
Өзгелердің жаңалығы