Бүгiн 2026, 18:16 Фото: Алматы облысының әкімдігі

Бұлақ көрсең, көзін аш: Алматы облысында 1500 адам "Мөлдір бұлақ" акциясына қатысты

Іс-шара барысында 300-ден астам көшет отырғызылды.

Алматы облысында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы кең көлемде ұйымдастырылып, өңірдің табиғи су көздерін сақтау мен жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыс жүргізілді. Игі бастамаға 1500-ге жуық адам қатысып, 300-ден астам ағаш көшеті отырғызылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Акция барысында өңірдегі бірнеше маңызды бұлақ көзі ашылды. Атап айтқанда, Еңбекшіқазақ ауданы Еңбек ауылында орналасқан, жергілікті халық ауыз су ретінде пайдаланатын бұлақ тазартылып, аумағын абаттандыру, ағаш отырғызу және қоршау орнату жұмыстары қолға алынды.

Малыбай ауылдық округіне қарасты таудың етегінде орналасқан Шилі бастау бұлағының бастауы мен арнасы тазартылып, негізінен мал суаруға пайдаланылатын су көзінің табиғи қалпы жақсартылды. Қаражота ауылдық округіндегі тарихи маңызы бар Диірмен базы бұлағында да тазалау жұмыстары жүргізіліп, бұлақтың бастауы мен су жүретін арнасы ретке келтірілді.

Тауқаратұрық ауылына жақын орналасқан Құртты бұлағының көзі ашылып, санитарлық жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар Талғар ауданындағы киелі орындардың бірі саналатын Әлмерек баба бұлағы да назардан тыс қалған жоқ. Оның табиғи әрі рухани маңызына ерекше көңіл бөлінді.

«Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркi Түрген шатқалындағы «Киелі» бұлағының ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев те қатысып, бұлақ көзін ашу, ағаш отырғызу жұмысына атсалысты.

Марат Елеусізұлы бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы игі шара екенін атап өтті.

Біз бүгін ата-бабамыздан қалған «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген асыл аманатты жүзеге асыру мақсатында жиналып отырмыз. Су - тіршілік көзі. Жеріміздің берекесі мен ырысы. Әсіресе көптеген елді мекені тау етегінде орналасқан Алматы облысы үшін әрбір бастау мен қайнар – стратегиялық маңызға ие. Бүгінгі таңда тіршілік нәрін үнемдеу және оларды таза ұстау – мемлекеттік деңгейдегі өзекті мәселе. Осы шарада бізбен бірге иық тіресе еңбектенетін өңір тұрғындарының белсенділігі қуантады. Бұл жұмыстар тек бір күндік науқанмен шектелмейді. Біз әрбір бұлақтың басын қоршап, ағаш отырғызып, санитарлық жағдайын бақылауда ұстайтын боламыз, – деген облыс әкімі қатысушыларға алғысын білдіріп, сауапты істің Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келуін жақсы ырымға балады.

«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Әнуар Үскенбаев дәстүрді түрде өткізілетін акция биыл кең ауқымда ұйымдастырылғанын айтып, суды үнемдеу, табиғатты қорғау ортақ жауапкершілік екенінен жеткізді.

Іс-шараға егде жастағы тұрғындардан бастап, жастарға дейін белсенді атсалысып, табиғатқа жанашырлықтың үлгісін көрсетті. Атқарылған жұмыстың арқасында бұлақ суы жергілікті халықтың игілігіне айналып, шаруашылығына септігін тигізетін болады.

Экологиялық шара табиғатқа қамқорлық көрсету ғана емес, сондай-ақ адам жанының да тазаруы, жүрек көзінің ашылуы.

Сондықтан мұндай шаралар Алматы облысында жоспарға сай жүйелі түрде жалғасады.