«Бұлақ көрсең – көзін аш»: «Жас ұлан» ұйымының мүшелері табиғатты аялап жүр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Халық арасында кең таралған дәл осы даналы сөздің аясы кең, мағынасы терең. Бұлақ – табиғаттың бір кереметі, бізге тарту етілген үлкен сый. Осы байлығымызды бағалап, аялап ұстау – бізге парыз. Осы ретте Арқалық қаласындағы «Жас ұлан» қоғамдық бірлестігінің мүшелері атсалысқан экологиялық тазалық шарасы көпке үлгі боларлық іс деп айтуға болады. Осы арқылы жасұландықтар бұлақтарға екінші өмір сыйлады.
Ахаңның үйін қалпына келтірді
Сәл шегініс жасасақ, жасұландықтардың табиғи орындарды, тарихи нысандарды қайта қалпына келтіру тәжірибесін қалай жинағанын жете түсіне аламыз. Бұған дейін 12 жыл бойы олар Арқалық қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік тапсырысы аясында «Ауылым – алтын бесігім» жобасын жүзеге асырған болатын. Сол уақытта жасұландықтар туған өлкеміздің тарихи мәліметтерін жинастырып қана қоймай, құнды тарихи орындарды қайта қалпына келтіру жұмыстарын да жүргізген еді. Осы ретте жасұландықтардың бастамасымен қалпына келтірілген алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының Ақкөл ауылы маңында орналасқан үйін айтсақ болады. Бастаманы ауыл тұрғындары қолдап, асарлату әдісімен Ахаңның үйінің қандай болғанын көрген көнекөз қариялардың айтуымен әуелгі қалпындай етіп жасап шыққан еді.
Сол жоба аясында Торғай өңірін аралау кезінде тек тарихи-мәдени ескерткіштер жайлы ақпараттарды картаға түсіріп қойған жоқ, сонымен бірге, табиғи көрікті жерлер жайында да мәліметтер жинаған болатын. Жүздеген шақырым жол жүріп, ондаған елді мекенді басып өткен ұзақ сапар кезінде жасұландықтар қайнар көздері қоқыспен, құммен жабылып, шөп өсіп кеткендіктен бітеле бастаған бұлақтарды көріп келген болатын. Осы бір табиғаттың аянышты көріністеріне куә болған олар, бұлақтарға көмек беру үшін ауқымды экологиялық акция өткізу жайын жоспарлаған еді.
Өлкетанудан – табиғатты қорғауға
«Жас ұлан» ҚБ-нің алдына қойған мақсаты айқын әрі маңызды. Осы ретте «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының президентіЕлена Цвентух бірлестіктің жаңа бағыттағы жұмысы жайлы айтып берген еді.Жасұландықтар жаңадан бұлақтарды іздеп тауып, оларды жергілікті тұрғындардың көмегімен тазартып, абаттандыруды мақсат еткен. Бұлақтар жайлы дерекқор құрып, олардың құрамы жайында химиялық-биологиялық зерттеулер жасау, сондай ақ, сапар барысында жолай экологиялық нашар аймақтарды анықтап, оларды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жоспарымыз бар, - дейді ол.
Оның айтуынша, Арқалық өңірінің өзінде ғана 100-ден астам таза, тұщы, емдік қасиеті бар бұлақ көзі бар. Алайда, бізде барды бағалап, күтіп-баптау бағытындағы жұмыстар мүлде жоқтың қасы. Мысалға айтсақ, 1960 жылдары Қостанай облысы аймағында зерттеу жұмыстарының нәтижесінде таза, ішуге болатын жерасты су қорлары табылған екен. Осыдан кейін зерттеу жұмыстары да, бұрынғыдай арнайы мамандандырылған қызметтің көмегімен жүргізілген бұлақтарды күтіп-баптау шарасы да тоқтаған. Осының кесірінен көптеген бұлақ бітеліп, ағуын тоқтатса, тағы бірқатары мүшкіл халде. Міне, біз өз немқұрайлылығымыздың кесірінен қандай баға жетпес байлықтан айырылып жатырмыз?! Кім білген, ол кездегі бұлақ суының дәмі бүгінгіден де балдай, емдік қасиеті де жоғарырақ болатын деп тамсанады алдыңғы толқын өкілдері. Қазіргі уақытта өзіміз тұтынып жүрген, тазартылып, арнайы құтыларға құйылып сатылатын сулардан дәмі де, сапасы да артық болмаса, кем емес деген пікірде олар.
Осы орайда жоба жетекшісі, «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының президенті Елена Цвентух осы бағыттағы көп жылғы бақылау – тәжірибесіне сүйене отырып, былайша қызықты әрі қисынды ой түйген екен. Оның сөзінше, бұлақ дегеніміз – тірі ағза. Өзінің қажет екенін сезеді. Сол себепті керек кезінде сарқырай ағып, нәрімен айналасының тіршілігін жандандырады. Керісінше, олар елді мекендерден қашық орналасып, адамдар суын тұтынбаса, тартылып, көзі бітеліп, уақыт өте келе біржола жойылып кетпек.
«Арқалық қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі» ММ тапсырысымен «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер қалалық ұйымы» ҚБ еріктілер жасағы Қостанай облысы Арқалық қаласы аймағындағы бұлақтарды тазарту, абаттандыру, сақтау мақсатында экологиялық экспедиция өткізді. Осы шара аясында қаламыздың оқушылары мен жастарынан құралған еріктілер тобы: «Шарықты бұлақ», «Көкшетау бұлақтары», «Босаға бұлақ», «Есенғабыл бұлақ», «Есқалы бұлақ», « Қара бұлақ» және т.б. көптеген бұлақ тазартылып, абаттандырылды. Сондай-ақ көздері батпақтанып, мүлдем жойылу алдында тұрған бұлақтар тазартылып, қайта тыныстап, ағуын жалғастырды. Өкініштісі сол, осы бұлақтарды пайдаланған адамдар, олардың көзін тазартып, күтіп-баптауды мүлдем ұмыт қалдырған.
Бір қуантарлығы, экологиялық тазалық шарасына немқұрайлы қарамайтын жастарымыз баршылық. Бұл іс-шараға да қатысуға ниеттілер өте көп болыпты. Елена Семенқызының айтуынша, бүгінгі пандемия талабына сай экспедицияға шектеулі ғана еріктілер апаруға мүмкіндік бар. Онда баратындар әңгімелесуден өтіп, арнайы тапсырма орындап, іріктеуден өткендер ғана жіберілген.
Сарқыра, бұлақ, сарқыра!
Іс-шараға қатысушылар экспедиция кезінде көптеген жағдайға қанықты. Көзі әбден бітеліп, лайланып, суы ішуге келмей қалған бұлақтың көзін ашып, тазартып, екінші өмір сыйлады. Әрине, жастардың бұдан үлкен әсер алғаны анық.
Тек қана бұлақ көздері ғана емес, олардың айналасы да қоқыстан тазартылғанын айта кетейік. «Ауылым – алтын бесігім» жобасы аясында «Birge – taza Qazaqstan» экологиялық акциясы ұйымдастырылып, бұлақ алаңдарының қоқыстары жиналып, қапшықтарға салынып, арнайы орындарға төгілді.
Осының нәтижесінде оннан астам бұлақ пен олардың айналасы тап-тұйнақтай етіп тазартылды. Бұл жұмыс әлі де жалғасын таппақ. Елена Цвентух тазалық шарасына жастардың асқан жанашырлықпен, белсенді атсалысқанын қуана жеткізді. Бұл дегеніміз кейінгі толқынды қоршаған ортаны қорғап-құрметтеуге тәрбиелеу жолындағы үлкен мектеп болғаны анық қой.
Бұлақ бастары тазаланып қана қоймай, су басынан сая іздеп келушілер үшін орындықтар қойылып, бұлақтардың аты мен орналасқан жері көрсетілген жол белгілері орнатылды. Сондай-ақ ауыл тұрғындарымен, әкімдерімен кездесулер өткізіліп, су көздерін болашақта күтіп ұстау жайында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жобаның жазғы маусымы қорытындыланған соң, жұмыс күзде жалғасады. Алда талай үлкен жұмыстардың барын айтқан Елена Цвентух жастардың бұл іске ынтасы өте жоғары болғандықтан қандай қиындықты да еңсере алатындарына сенімді. Әрине, әр істің қорытындысы болады. Еңбек бағаланбай қалмайды. Осы істе белсенділік танытқан еріктілер «Өмір тамшысы» аталатын мәртебелі төсбелгі иеленетін болады. Бұл белгі олардың сан бұлаққа екінші өмір сыйлаған шын табиғат жанашырлары екенін айғақтап тұрмақ.