Бұл жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмай отырсыздар – Аймағамбетов көркем әдебиет сатып алмаған облыстарды сынады

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов аппарат отырысында «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектептерге жеткілікті деңгейде кітап сатып алмай отырған облыстардың білім басқармасын сынады. Министр мәселені шешуді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Елдос Нұрланов «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру барысы туралы айтып, статискалық мәліметті бөлісті.

Былтыр 2 млн-нан астам кітап сатып алынса, биыл оны сатып алуға көбірек қаржы бөлініп отыр. Дегенмен биыл аймақтар негізгі және жоғары мектептерге көбірек сатып алып жатыр. Олар бекітілген оқулықтар тізімі бойынша сатып алып жатыр. 2021-2022 оқу жылында БҚО 600 мыңнан астам, Жамбыл облысы 300 мыңнан аса қосымша әдебиет сатып алды. Ал кейбір аймақтарда салыстырмалы түрде әлдеқайда төмен. Биылғы көрсеткіш бойынша Маңғыстау облысында 2 жыл қатарынан кітап сатып алу бойынша жақсы көрсеткіш бар. Жамбыл облысында да дәл солай. Түркістан облысында былтыр нәтиже төмен болды, ал биыл сатып алуды желтоқсанға қалдырып отыр, - деп баяндады ол.

Елдос Нұрлановтың сөзінше, биыл Қызылорда облысында сатып алынған кітаптарды әр мектепке шаққанда 9-дан тиіп отыр. Бұл көрсеткішті көтеру керек. Биыл 100-ден төмен кітап сатып алатын облыстардың қатарында Қызылорда облысынан бөлек, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы және Абай облыстары бар.

Оқу-ағарту министрі жиында әріптесінен көркем әдебиет саны аз сатып алынған облыстары қайта нақтылап сұрады.

«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында жұмыс жеткіліксіз деңгейде ұйымдастырылған аймақтар – Қызылорда облысы, Түркістан облысы. Қызылорда облысында жұмыс екі жыл қатарынан тиісті деңгейде орындалмай отыр, - деді «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры.

Қызылорда облысы Білім басқармасы басшысы Б. Бердәулетов көркем әдебиет сатып алуға 3 млн теңгеге жуық қаржы желтоқсан айына қалдырылып отырғанын айтты.

Министр облыстың білім басқармасы басшысына балалар кітап оқысын десек, онда оларға қызықты заманауи кітап қолжетімді болуы керегін айтты.

Егер алдарыңызға қойған мақсатқа қол жеткізе алмасаңыздар, онда қандай тәрбие жұмысы, білім сапасы туралы айтасыз? Әртүрлі іс-шаралар өткізгеннен үлкен нәтиже болмайды. Оны қашан түсінесіздер? Тәрбие жұмысы деген – осы кітап оқуға баулу, тәрбиелік маңызы бар көркем әдебиетті ұсыну. Балалардың көзі ашық, көкірегі ояу болуы керек. Ол үшін балаларға тиісті жағдайды жасауымыз керек. Бірақ сіздер бұл жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмай отырсыздар. Қандай проблема бар? Қандай көмек керек? Мүмкін көмекке маман жіберейік пе? – деп Қызылорда облысындағы жұмысты сынап, мәселені шешуді тапсырды Аймағамбетов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы