Бұл Жолдаудың билік үшін де, халық үшін де жүгі ауыр – Тұрар Сәттарқызы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын асыға күттім. Қаcіретті қаңтар күндерінен кейін мемлекетіміз бұрынғысынша болмайтынын, өзгеріс керек екенін, оның ішінде алдымен саяси өзгеріс қажеттігін әр қазақстандық жүрегімен ұғынды, дейді Этнология магистрі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Нұр-Сұлтан қаласы Аналар кеңесінің мүшесі Тұрар Сәттарқызы.
Президенттің Жолдауында егеменді Қазақстанның әрі қарайғы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына байланысты бірқатар стратегиялық маңызды және тағдыршешті шешімдер, халық көп жылдар бойы күткен қордаланған мәселелердің шешу жолдары айтылды. Жолдаудан жаңа Қазақстан құру жолына бет бұрғанымызды қуандым. ҚР азаматы ретінде, ана ретінде, қоғам өкілі ретінде мені де елімнің ертеңі мен халқымның болашағын ойлаймын. Президенттің «Маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан құндылық жоқ» деген сөзі ұнады, - дейді Тұрар Шәкен.
Өскелең ұрпақпен жұмыс істеп жүргендіктен, «Отаншылдық рухы жоғары ел көздеген мақсатына қалайда жетеді»,-деген Президенттің сөзі мемлекеттік болашақ азаматтарын, қоғамның болашақ өкілдерін – жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мәселесіне назар аударуымыз керек.
Президенттің «Өзгерісті өзімізден бастауымыз керек. Бізге ешкім сырттан келіп еш нәрсе жасап бермейтіні, бәрі өз қолымызда»,-деген сөзімен толық келісемін. Неге? «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» - деп Абай атамыз айтпақшы, айналаң өзгерсін, қоғам өзгерсін, ел өзгерсін десең, сынап-міней бермей, әрбір ел азаматы «Осы кемшілікті түзеу үшін мен не істей аламын, не істеп жүрмін?»,-деген ұстаныммен өзгерісті өзінен бастаған жөн, - дейді ол.
Этнолог Жолдаудың маңызы мен жүгі ерекеше екенін атап өтті.
Бұл Жолдаудың билік үшін де, халық үшін де жүгі ауыр. Қазақстанның болашағын, ел келешегін ойласақ, «Әр ұрпақ өзіне артқан жүкті жетер жеріне апарып тастауы керек. Әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз»,-деп Әлихан Бөкейхан айтпақшы, билік те, халық та арқамызға жүктелген ауыр жүкті бірлесе жұмыла көтеріп, кейінгі ұрпаққа тұғырлы тәуелсіздігі бар, кемел мемлекет қалдырып кетуіміз керек, - деп пікір білдірді Тұрар Сәттарқызы.