"Бұл жерде менің тағдырым шешіліп жатыр": Сот Перизат Қайратқа ескерту жасады

Перизат Қайрат пен Гайни Алашбаева ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Бұрынғы волонтер, "Jas Otan" жастар ұйымының өкілі Сергей Матюшенко сотта куәлік етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол – Перизат Қайрат құрған "BizBirgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігінің құрылтай жиналысына қатысқандардың бірі ретінде танылып отыр.

Матюшенко сотта екінші хаттамаға қол қоймағанын мәлімдеді. Бірақ айыпталушы Перизат Қайраттың бұл жауапқа көңілі толмады.

Оның куәгерге тікелей сұрақ қойып, қайта-қайта нақтылауға тырысқанда судья Сабыржан Каримов оған ескерту жасады. Сот Перизат Қайраттың бұл әрекетін соттағы тәртіпке қайшы деп таныды.

Сергей, сен шынымен де қол қоймадың ба? Өтірік айтып тұрған жоқсың ба? Бұл жерде менің тағдырым шешіліп жатқанын түсініп отырсың ба, – деп эмоциямен сөйлеген Перизат Қайратқа судья Сабыржан Каримов бірден ескерту жасады.

Айыпталушы Қайрат, куәгерге өз пікіріңізді таңуға құқығыңыз жоқ. Егер сұрақтарыңызды қайта-қайта қоя берсеңіз, олар сот тарапынан жойылады. Куәгерді жанама қысыммен өзіңізге тиімді жауап беруге мәжбүрлеуге тырыспаңыз, – деді судья.

Дегенмен Қайрат өзінің сұрағын бірнеше мәрте қайталап, куәгердің сөзін бөлуді жалғастырды. Бұл әрекетке судья тағы да ескерту айтты.

Сізден бірнеше рет сұралды, алдымен сұрақ қойып, жауапты тыңдаңыз. Қазір сіз куәгерден өзіңізге ыңғайлы жауап алғыңыз келіп отырғандайсыз. Сот отырысының өз тәртібі бар. Куәгер шын айтып отыр ма ма, өтірік пе – оны сот анықтайды. Эмоцияға беріліп, дауыс көтерудің қажеті жоқ, – деп айтты Каримов.

Бұған дейін Перизат Қайрат халықты қалай алдағаны айтылды.

Сондай-ақ сот залынан БАҚ өкілдерін шеттету туралы шешім қабылдағанын жаздық. 

Тыңдау жартылай жабық режимде өтіп жатыр. Журналистер арнайы баспасөз орталығынан ақпарат таратып жатыр. Залда отыруға тек тараптарға ғана рұқсат берілді.

Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде  Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.

Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген. 

Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды

Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.

Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Перизат Қайрат "фактілермен қорғанамын" деп өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Перизат Қайрат миллиардтаған ақшаны қалай жұмсағаны да белгілі болды

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы