Бұл – заңсыздық. Аймағамбетов бар сағатты мұғалімдерге бөліп беру мәселесін көтерді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов аппарат жиналысында айтты.
Мектепте бар бос орынды көп директор көрсетпейді. Оны біз жақсы білеміз. Жасырып ұстайды. Тарификация жасағанда орын бар деп көрсетіп қояды. Алайда заң бекіткендей, тиісті органдарға еңбек пен қамту органдарында көрсетпейді. Ешкімге ашып айтпайсыздар. Қыркүйек айы келген соң, біраз уақыттан кейін адам келген жоқ, мұғалім тапқан жоқпыз деп, бар сағатты ішіндегі мұғалімдерге бөліп бересіздер. Бұл – заңсыздық. Оған арнайы жауапкершілік бар. Оның ішінде әкімшілік жауапкершілік те бар. Ол бос сағаттың өзін бөлгенде тәуекелдер көп. Онда жұмыс объективті жүрмейді, - деді Аймағамбетов.
Ол атағандай, әртүрлі субъективті мәселелерге сәйкес сағат бөлінеді.
Жүктемесін ұсақтатып, бір ставканы 4-5 адамға жасанды бөліп отырғандар бар. Қазақ тілі, математика болсын 16 сағатты 5 адамға қалай бөліп беруге болады? Бір сыныпта математикадан 1 емес 3 мұғалім сабақ бере ме? Қалай мұндай заңсыздыққа баруға болады? Мұндай деректер кездессе, біз жауапкершілікке тартамыз. Мақсат – білімді, білікті педагогтерді ашық конкурс арқылы жұмысқа алу, - деді ол.
Министр әр педагог жұмысқа тұрарда өтініштерінде өз балдарын қойып беретінін айтты.
Конкурстық комиссия осы балдың расын тексереді. Ол дәлелденбесе, балын түсіреді. Осы тәртіпті бұзбай, айтылғандарды тиісті деңгейде орындауға тапсырамын, - деді министр.