"Бұл суицидке ұқсамайды": Астанада қаза тапқан қыздың әкесі тың мәлімдеме жасады
Марқұмның әкесі тергеу барысында маңызды дәлелдер жоғалғанын айтып, істің қалай қаралып жатқанына күмән келтірді.
Қайғылы жағдайда көз жұмған 20 жастағы Айсәуле Қанаханың әкесі Қазақстандағы киберқылмыспен күрес жүйесін реформалауды талап етіп, депутаттарға, журналистерге және қоғамға ашық үндеу жасады. Оның айтуынша, қызының өлімінен бері 40 күннен астам уақыт өтсе де, тергеу барысында көптеген процессуалдық заңбұзушылықтарға жол берілген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Марқұмның әкесі Саябек Қанаханың айтуынша, 2026 жылғы 1 сәуірде қызының денесі Астанадағы Есіл өзенінің жағалауынан табылған. Оның сөзінше, қыз шалқасынан жатқан, басында иек тұсынан байланған күлгін түсті полиэтилен пакет болған. Сондай-ақ маңдай тұсында көгерген із байқалған.
Алайда полиция істі асығыс түрде “Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу” бабы бойынша тіркеді (ҚР ҚК 105-бап, 1-бөлік). Ал пакет арқылы тұншығу тәсілі жас адамның суицидіне мүлде тән емес. Бұдан бөлек, сот-медициналық сараптама қорытындысынан қызымның басындағы көгерген із туралы дерек жоғалып кеткен. Бұл істі қызым өзіне қол жұмсағандай етіп көрсетуге тырысудан болуы мүмкін, – деді Саябек Қанаха.
Әкесінің сөзінше, тергеу барысында оқиға орнындағы аяқкиім іздері алынбаған, пакеттегі түйіндердің қалай байланғаны тіркелмеген. Сондай-ақ қызды соңғы кеште банкоматқа апарған такси жүргізушісі анықталып, жауап алынбаған.
Бұдан бөлек, марқұмның әкесі тергеу әлі күнге дейін банкомат маңындағы бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттемегенін айтты. Сондай-ақ Айсәуленің телефонына қажетті компьютерлік-техникалық және сот-психологиялық сараптамалар жүргізілмеген.
Саябек Қанаханың айтуынша, қызы қайтыс болар алдында бірнеше күн бойы халықаралық интернет-алаяқтардың психологиялық қысымына ұшыраған. Оның сөзінше, алаяқтардың нұсқауымен қыз 1,1 миллион теңгеден астам қаражат аударған.
WhatsApp-тағы алаяқ жасырынған “Калашников Д. Н.” деген контактінің аты ақша алған адамдардың бірінің аты-жөнімен толық сәйкес келетіні анықталды. Бұл бір адам болды ма? Полиция тіпті осы нөмірдің иесін анықтау үшін мобильді операторға сұрау салуға да әрекет жасамаған. Мұны олар “техникалық құзыреттіліктің жоқтығымен” түсіндірді, – деді ол.
Марқұмның әкесі киберқылмыспен күрес жүйесін реформалау бойынша ұсыныстарын Мәжіліс депутаты Абзал Құспанға жолдағанын айтты.
Ұсыныстар қатарында «ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» деген жеке саралаушы белгіні енгізу, «бір терезе» қағидаты бойынша киберқылмысқа қарсы бірыңғай орталық құру, онлайн несиелер мен ірі ақша аударымдарына міндетті «салқындату кезеңін» енгізу, сондай-ақ күмәнді мүлікті қабылдаған ломбардтардың жауапкершілігін күшейту мәселелері бар.