1 Қыркүйек 2026, 11:05 Фото: ҚР ҰОК

«Бұл оның мансабындағы ең үздік теннис болуы мүмкін»: Ротенберг Рыбакина туралы

Танымал америкалық теннис журналисі Бен Ротенберг BAQ.KZ тілшісіне берген пікірінде қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаның 2026 жылғы маусымдағы қазіргі формасына баға берді.

Оның пікірінше, спортшының алдағы нәтижелеріне әсер етуі мүмкін негізгі факторлардың бірі – оның физикалық жағдайы.

Ротенберг Рыбакинаның жарақатына назар аударды. Оның байқауынша, осы жарақатына байланысты теннисші соңғы уақытта бар күшін салып жаттыға алмай жүр.

Менің ойымша, Рыбакинаға қатысты басты мәселе – оның жарақаты. Ол өте жақсы өнер көрсетіп жүр, бірақ байқауымша, соңғы уақытта толық күшінде жаттыға алмай жүр, – деді Бен Ротенберг.

Сонымен қатар журналист қазақстандық теннисшінің маусым басындағы ойынына жоғары баға берді. Әсіресе оның Аустралиядағы турнирлер сериясындағы өнерін ерекше атап өтті.

Ол маусымды керемет бастады. Аустралияда көрсеткен теннисінің деңгейі оның мансабындағы ең үздік ойын болуы мүмкін. Соңғы уақытта, Штутгарттан бастап, оның ойыны бұрынғыдай әсерлі болған жоқ. Дегенмен қазір WTA турында ешбір теннисші айқын басымдық танытып отырған жоқ, – деді Ротенберг.

Бұған дейін теннисші жарақаттан кейін US Open турнирі алдындағы жағдайы туралы айтқан болатын. Рыбакина жарақатты тамыз айының соңында Цинциннатиде өткен WTA 1000 турнирі кезінде алды. Жарақатына байланысты ол US Open турнирінің аралас жұптық сынына қатысудан бас тартты.

US Open 2026 турнирі Нью-Йоркте 30 тамыз бен 13 қыркүйек аралығында өтіп жатыр. Әйелдер арасындағы жекелей сындағы финал 12 қыркүйекте, ерлер арасындағы финал 13 қыркүйекте өтеді. Турнирдің іріктеу матчтары 24-27 тамыз аралығында өтті.