Бұл әндер қазақ тұрғанша тұрады: Астанада "Әлқисса-Нұрғиса" концерті өтті

Бұл концерт Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар бағдарламасының бастамасы болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен кеште Халық қаһарманы, көрнекті композитор, күйші, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің қазақ музыкасының алтын қорына енген шығармалары орындалды. Іс-шараға белгілі музыканттар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, халықаралық байқаулардың лауреаттары, сондай-ақ еліміздегі өнер ұжымдары қатысты.

Бұл кеште Қадыр Мырза Әлінің өлеңіне жазылған “Әжеме” әнін орындаған әнші Жұбаныш Жексенұлы Нұрғиса Тілендиев әндерінің тыңдарманы ешқашан таусылмайтынын айтады.

Нұрғиса атамыздың әндері біздің жүрегімізде, біздің ата-анамыздың, аталарымыздың жүрегінде. Сондықтан бұл әндер, менің ойымша, қазақ тұрғанша тұрады. Бұл әндер қазақ әндерінің шыңырау шыңға шыққан кезде жазылған деп ойлаймын. Әрбір қазақстандық әншінің репертуарынан Нұрғиса атамыздың әндері түспейді, - деді ол.

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық “Отырар сазы” оркестрінде 15 жылдан артық қызмет етіп келе жатқан солист Фархат Көпеев те кеште композитордың әнін орындайды.

Осы концертте Нұр ағаның “Есіңе мені алғайсың” деген романс әнін орындаймын. Оның сөзін Мұқағали Мақатаев өмірінің соңғы жылдарында жазып кеткен. Сол әннің сөзін Мұқағали Мақатаев қайтқаннан кейін Нұр аға оқып, тебіреніп, сол әнді шығарған болатын. Бірақ халыққа тарап кеткен нұсқасы Елена Әбдіхалықова айтатын әуені басқа нұсқа. Көбісі соны шатастырады. Мен халыққа бірінші, Нұр ағаның нұсқасы паш етемін, - деді әнші.

Айта кетейік, жыл бойы Қазақстанның барлық өңірінде Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған 100-ге жуық іс-шара өтеді. Көрмелер, концерттер, байқаулар мен фестивальдер ұйымдастыру жоспарланған. Қазақ музыкасының дара тұлғасының мерейтойы тек елімізде ғана емес, ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ сияқты беделді ұйымдардың қолдауымен халықаралық деңгейде де аталып өтеді.

Мерейтойлық бағдарламаның басты іс-шарасы – Қазақстанның Мәдениет күндері аясында Франциядағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өтетін Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған салтанатты концерт. 

Сондай-ақ АҚШ-та, әйгілі Карнеги-холлда, концерт пен көрме ұйымдастырылса, Бейжіңде “Құстар қайтып барады” концерті аясында композитордың әндері орындалады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы