18 Шілде 2026, 18:55 Фото: видеодан скриншот

Букреев шыңында жардан құлаған қыз басынан ауыр жарақат алды

ТЖМ құтқарушылары зардап шеккен қызды 3 мың метрден астам биіктіктен тікұшақпен эвакуациялады.

Алматы облысында Букреев шыңы маңында, теңіз деңгейінен 3010 метр биіктікте ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық құтқару қызметінің мамандары Алматы қаласы ТЖД Құтқару қызметімен бірлесіп құтқару операциясын жүргізді.

Алдын ала мәлімет бойынша, бойжеткен жардан құлап, басынан жарақат алған және өздігінен қозғала алмаған. Құтқарушылар келгенге дейін оған куәгер алғашқы медициналық көмек көрсеткен.

Эвакуациялау және тасымалдау жұмыстарына «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы жұмылдырылды.

Зардап шеккен адам эвакуацияланғаннан кейін «Медеу» тікұшақ алаңына жеткізіліп, ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының бригадасына тапсырылды.