Букмекерлік кеңселерде бәс тігетіндер туралы мәліметтер жинақталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде букмекерлік кеңселердегі ставкаларды есепке алу орталығы құрылады. Бұл туралы ҚР мәдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтты.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы талқыланды.
Заң жобасы букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың қызметін реттеу әрі бақылауды жетілдіруге, құмар ойындар мен бәс тігуге тартылатын және тәуелді азаматтардың санын қысқартуға бағытталған. Уәкілетті мемлекеттік органдарда букмекерлік кеңселер мен ойыншылардың арасындағы ақша операциялары туралы толық және дұрыс ақпаратпен қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ бәс тігуге қатысудан шектеу тетігін іске асыру үшін ставкаларды есепке алу орталығын құру көзделеді, - дейді Ақтоты Райымқұлова.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта бұл саланы мемлекеттік реттеуде букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың айналымы туралы нақты мәліметтердің болмауына байланысты мәселе туындап отыр. 
Осы себепті ставкаларды есепке алу орталығын құру ұсынылады. Бұл ретте онда букмекерлік кеңсеге қолма-қол немесе электрондық төлем жүйелері арқылы түсетін барлық төлемдер ескерілуі тиіс. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторларға түсетін барлық төлемдердің бірыңғай есебі көлеңкелі айналымды болдырмауға, салықтардың жиналуын арттыруға, бақылауды жеңілдетуге мүмкіндік береді, - деді министр.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: дереккөз
Өзгелердің жаңалығы