Бұқар Жырау ауданына тартылған инвестиция көлемі 31,2 млрд теңгеге жетті
Қарағанды облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысының Бұқар Жырау ауданында заманауи инвестициялық жобаларға баса назар аударылады. Ауданда қазіргі уақытта 8 жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Өткен жылы өңірдегі өндіріс көлемі 2,5 пайызға артқан.
Аймақта заманауи инновациялық технологияларды қолданатын «Апрель» фермерлік кәсіпорны, «Береке-2014» компаниясы, жем-шөп өндірісімен айналысатын «Jasyl Jer» компаниясы, сүт тауарларын өндіретін цифрлық «Suthana» кәсіпорны және басқа да өндіріс орындары жемісті жұмыс істеп тұр.
Биыл ауданда көкөніс пен картоп дақылдарының түсімін арттыру көзделіп отыр. Сондай-ақ балық өңдеу цехын ашу жоспарда бар. Қазіргі уақытта ауданда 3210 орта және шағын бизнес cубъектісі жұмыс істеп тұр. Оларда сегіз мыңға тарта адам жұмыспен қамтылған. Шағын және орта бизнес субъектілерінде өндірілетін өнім көлемі 86 млрд теңгені құрайды. 2020 жылы 600 кәсіпкерге қолдау көрсетілді. Оның ішінде 25 жеке кәсіпкер ғимаратты жалға алу құнын өтеу бойынша жеңілдікке ие болса, 10 кәсіпкер банктегі несиесін өтеуді кейінге шегертті, - дейді ау дан әкімі Шагурашид Мамалинов.
Аудан әкімінің айтуынша, өңірдегі тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүргізілуде.
Өткен жылы 19 731 шаршы метр тұрғын үй пайдаланылуға беріліп, 247 отбасы баспаналы болған. Оның ішінде 65 үй көпбалалы отбасыларға, 32 пәтер жетім балаларға берілген. Ал 2021 жылы 298 отбасына баспана беру жоспарлануда. Қазіргі уақытта ауданда 835 отбасы үй кезегінде тұр.
Әлеуметтік осал топтағы отбасылар мен көпбалалы жанұяларды баспанамен қамту үшін 2020 жылы 680,2 млн теңгеге тұрғын сатып алынды. Бұқар Жырау ауданында тозығы жеткен үйлерді қалпына келтіру жұмыстары да жалғасын табуда. Өткен жылы екі үйдің сыртқы қасбеті жөнделді. Сонымен қатар 4 аула абаттандырылды. Аймақ халқын ғаламтормен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін табуда. 2020 жылы ауданның 79,2 халқына интернет жетсе, 2021 жылы Бұқар Жырау ауданының барлық тұрғыны ғаламтор желісіне қосылмақ, - дейді Мамалинов.
«Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында өткен жылы бірнеше білім мекемесіне, мәдениет үйіне жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл бағдарлама аясында Ботақара кентінде дене шынықтыру-сауықтыру орталығы, музыка мектебі салынып жатыр.
Тоғызқұдық ауылында футбол алаңы, Петровкада Street workout алаңы, Ақбел, Құрылыс елді мекендерінде көпсалалы хоккей алаңдары ашылды. Сондай-ақ Үштөбе ауылында жеке кәсіпкерлердің қаржысына дене шынықтыру және сауықтыру орталығының құрылысы жүріп жатыр.
Ауданда білім беру, мәдениет нысандарын жөндеу жұмыстары биыл да жалғасын табатын болады. Үш ауылдың мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Үштөбе, Көкпекті, Доскей, Петровка, Қаражар және Шешенқара ауылдарында клуб жоқ. Осы мәселе де алдағы жылдары шешімін табатын болады, - дейді аудан әкімі.
Тағы бір айта кетерлігі, аудан әкімінің бастамасымен өткен жылы ауданның 8 білім беру ұйымына көрнекті тұлғалардың есімі берілді. Елтай орта мектебіне Ахмет Байтұрсынұлының, Петровка орта мектебіне Әлкей Марғұланның, №1 қазақ орта мектебіне Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Ленин орта мектебіне Ыбырай Алтынсариннің, Кузнецкий орта мектебіне Жүсіпбек Аймауытұлының, Центральная орта мектебіне Сәбит Мұқановтың, Новоузенка орта мектебіне Мәшһүр Жүсіптің, Гагарин орта мектебіне Талғат Бегелдиновтің есімдері берілді.
Сонымен қатар уақыт талабына сай ескірген көше атаулары ауыстырылды. Ботақара кентінде 8 көше, Үштөбе ауылында 14 көшенің аты ауысты.