Бухгалтерлер мұғалімдерге жалақы төлерде жемқорлық жасайды – депутат
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдердің жалақысын төлеу кезінде жасалатын жемқорлық мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат орта білім саласындағы сыбайлас жемқорлық туралы сұрақ қойды.
Мұғалімдердің айлық жалақысын төлеуде сыбайлас жемқорлыққа жол берген заңсыздықтарды, бухгалтердің заңсыз әрекеттерін ауыздықтау үшін бүгінгі таңда Сыбайлас жемқорлық агенттігі, Оқу-ағарту министрлігі, жергілікті әкімдіктер өте қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Біз, әрине, қолдаймыз. Оны ауыздықтау қажет. Заңды да қолдаймыз, - деді Сүлейменова.
Мәжіліс депутаты мынадай сұрақтарын қойды.
Орта білімде мұғалімдердің айлық жалақысындағы заңсыздықтарға жол бермес үшін қандай нормалар қарастырылған? Комплаенс қызметін орта білім саласында білім басқармаларында, орта мектептерде, жалпы білім ұйымдарына енгізу механизмі қарастырылған ба? Орта білім саласындағы бухгалтерлердің заңсыз әрекетіне байланысты қандай қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр? - деп сұрады ол.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов білім саласында жемқорлық азайып келе жатқанын айтты.
2021 жылғы Жолдауда Президент тұрмыстық жемқорлықты жоюға қатысты тапсырма берді. Сондықтан осы бағытта барлық мәлімет қарастырылған. Білім саласында көп қылмыстық іс болды. Айта кетерлігі, 2024 жылмен салыстырғанда көрсеткіш азайып келеді. Біз оны әкімдікпен, жауапты министрлікпен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Сондықтан қазір профилактикалық жұмыс жүргізіліп, әртүрлі шара қолданып жатырмыз, - деп түсіндірді Антикор өкілі Мәжілісте.
Айтуынша, депутат көтерген мәселелер Мәжілісте талқыланып жатқан заңдарда қарастырылған.