Бүгінгі жастар артық тойлау мен ысырапшылдықты қаламайды – Қырымбек Көшербаев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Елбасы кітапханасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Біз – ел патриотымыз» халықаралық жастар форумында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев мәлімдеді.
Жастар форумының рәміздер күнімен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар деп ойлаймын. Мемлекеттік рәміздер - егемендіктің нышаны болса, жастар - елдіктің кемел келешегінің кепілі. Сонымен қатар форум Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығының аясында өтіп отыр. Тәуелсіздік - ғасырлар бойы ата-бабамыздың аңсаған арманы. Біздің - ұлттық идеямыз. Сондықтан ел ертеңі жастар үшін тәуелсіздіктен үлкен мұрат, асқан құндылық болмауы тиіс, – деді Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев.
Оның айтуынша, халқымыздың 20 пайызын 14-24 жастағы жастар құрайды. Ал балалар мен жасөспірімдерді қоса есептегенде бүгінгі қазақстандықтардың жартысы жас буын.
Осы тұрғыдан алғанда біз тарихы терең, болашағы жарқын, бойында жастығы жалындаған қуатты елміз деуге толық негіз бар. Ендеше барды бағалап, жоқты сығалап, төбемізден жаңылмай, тәуекелден тайынбай тәуелсіздіктің тасын өрге бірге сүйрейік! – деп атап өтті Көшербаев форумда.
Сонымен қатар ол жастардың ұлттық рухани байлықты сіңіріп келе жатқанын, артық тойды, шашуды құптамайтынын айтты.
Бүгінгі жастар артық тойлау мен бекер ысырапшылдықты қаламайды. Өйткені жас буындар жаһанданудың жаңа талаптарын бойына сіңіре білген. Ұлттық ділімізді, дінімізді сақтауы тиіс. Жастар үшін Отанның келешегі үшін отбасы бірінші кезекте тұруы қажет. Қазақ ұлты біздің көпұлтты мемлекетімізде жасампаз істердің ұйытқысы болуға міндетті, – дейді Қырымбек Көшербаев.
Айта кетейік, бүгін Елбасы кітапханасында «Біз – ел патриотымыз» атты жастар форумы өтті.