Бүгінгі түн – Миғраж түні
Мұсылман күнтізбесі бойынша бүгін – төрт қасиетті айдың бірі саналған Ережеп айының жиырма алтысы. Ал бұл айдың жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түн – Миғраж, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл түн туралы Құранда «Исра» сүресінің 1-аятында: «Құлын (Мұхаммедті) бір түнде Харам мешітінен айналасына Өзіміз құт-береке дарытқан Ақса мешітіне кейбір маңызды белгілеріміз бен дәлелдерімізді көрсету үшін алып барған Алла – мінсіз, пәк. Ол шәк-шүбәсіз бәрін естуші, бәрін де көруші», – деп баяндалады.
Бұл түні Мұхаммед пайғамбар: «Уа, Раббым! Мені миғраж мұғжизасымен нығметтендірдің. Үмметіме де осындай бір нығмет сұраймын» деп дұға жасаған, Алла Тағала оған: «Намаз – мүміндердің миғражы» деген.
Мұсылмандар үшін мереке саналатын бұл түнмен ҚМДБ сайтында қазақстандықтарды Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы құттықтады.
Алла Тағала Миғраж түні мен онда болып өткен ғажайып оқиғалардың берекетімен иманымызды баянды етсін. Қасиетті айлар мен күндерде Жаратқан Иеміз күнәларымызды кешіп, екі дүниенің бақытын берсін. Қиямет күні Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағаты баршамызға нәсіп болсын, - деді ол.