Бүгінгі күнге арналған ауа райы болжамы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазгидромет 2 қаңтар күнге арналған ауа райы болжамын жариялады.
Суық антициклон әлі де еліміздің шығыс және солтүстік өңірлерінің ауа райына қыпал ете береді. Осыған байланысты жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Еліміздің батысында, солтүстік-батысында және оңтүстігінде атмосфералық фронттардың әсерінен тұрақсыз ауа райы күтіледі, жауын-шашын, көктайғақ болады және жел күшейеді. Республика бойынша кей жерлерде тұман күтіледі - делінген хабарламада.
Батыс Қазақстан облысының солтүстік-батысында, Атырау облысының батысында, оңтүстігінде және орталығында тұман, көктайғақ, күндіз Батыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында желдің күші 15-20 м/с жетеді.
Алматы облысының солтүстігінде және таулы аудандарында тұман күтіледі, Алакөл көлдерінің ауданында жел - 18-23, екпіні - 29 м/с дейін күшейеді.
Ақтөбе облысының солтүстік-батысында жел қарқыны - 18 м/с. Жаяу бұрқасын соғып, облыстың шығысында тұман түседі.
Жамбыл облысының солтүстігінде, таулы аудандарында тұман, облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және таулы аудандарда желдің жылдамдығы 15-20 м/с жетеді.
Шығыс Қазақстан облысының батысында желдің күші - 15-20 м/с.
Қостанай облысының солтүстігінде, солтүстік-батысында жаяу бұрқасын, Маңғыстау облысының солтүстігінде – көктайғақ, Қызылорда облысының орталығында, түнде және таңертең Түркістан облысының оңтүстігінде, батысында, таулы аудандарда тұман түседі.