Бүгінге дейін халыққа тегін қызмет көрсеткен медицина ұйымдарына 305 мрд теңге төленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ жыл басынан бері мемлекеттік тапсырыс бойынша көрсетілген қызметтер үшін 305 млрд теңге төледі. Қаржы кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті (ТМККК) аясында бөлінді. Бұл туралы Қордың баспасөз қызметі хабарлады.

«2019 жылдың мамырындағы мәліметтер бойынша, Қормен келісімшарт бекіткен жеткізуші компанияларға 305 млрд теңге төленді. Бұл жалпы кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде бекітілген келісімшарт сомасының 35,4%-ын құрайды», - деді МСҚ басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Жақселекова.

Хабарламаға сүйенсек, 2019 жылы МСҚ кепілдендірілген көмек түрлерін көрсетуге құлшыныс білдірген медицина ұйымдарымен 860 млрд теңгенің келісімшартын бекіткен болатын. Бұл өткен жылы бөлінген қаржыдан 5% артық.

«Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті», - деді Ботагөз Жақселекова.

Биыл мемлекеттік тапсырысты 1403 медицина ұйымы орындайды. Оның ішінде 701 жеке меншік клиника да бар. Биыл олардың саны 2018 жылмен салыстырғанда 57-ге көбейіп отыр. Мемлекеттік тапсырысты орындап жатқан жеке меншік клиникалар тек Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында ғана емес, аймақтарда да жетерлік. Бұл тізімде Шымкент қаласы, Қызылорда, Жамбыл және Қарағанды облыстары көш бастап тұр.

Естеріңізге сала кетсек, МСҚ 2018 жылдан бастап ТМККК және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттерінің қаржылық операторы болып саналады және халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерді ҚР Үкіметі бекіткен тәртіп бойынша сатып алады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы