10 Шілде 2026, 07:08 Фото: pixabay

Бүгін жеті қалада қолайсыз метеорологиялық жағдай күтіледі

Ауаның ластану деңгейіне желдің бағыты мен жылдамдығы, жауын-шашын, ауа ылғалдылығы және температура сияқты синоптикалық жағдайлар айтарлықтай ықпал етеді.

2026 жылғы 10 шілдеде Астана, Алматы және Қазақстанның тағы бес қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай (ҚМЖ) күтіледі. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлімдеді.

Синоптиктердің мәліметінше, қолайсыз метеорологиялық жағдай Алматы, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Теміртау қалаларында және Астанада түнгі уақытта болжанып отыр.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – желдің болмауы немесе әлсіз соғуы, тұман, температуралық инверсия сияқты қысқа мерзімді ауа райы құбылыстарының жиынтығы. Мұндай жағдайда атмосфераның төменгі қабатында зиянды ластаушы заттар жиналып, ауа сапасы нашарлайды.

ҚМЖ кезінде елді мекендерде атмосфералық ауаның сапасы төмендеп, бұл тұрғындардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.

Ауаның ластану деңгейіне желдің бағыты мен жылдамдығы, жауын-шашын, ауа ылғалдылығы және температура сияқты синоптикалық жағдайлар айтарлықтай ықпал етеді.

Қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде мамандар мынадай сақтық шараларын ұсынады:

  • ашық ауада, әсіресе автокөлік жолдары мен басқа да ластану көздерінің маңында болу уақытын қысқарту;
  • балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тарту;
  • өкпе, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдар сыртқа шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүру;
  • ашық ауада ауыр дене жүктемесін шектеп, дене шынықтыру және спортпен жабық спорт кешендерінде айналысу ұсынылады.