Бүгін жеті қалада ауа сапасы нашарлауы мүмкін
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар дегеніміз – желсіздік, баяу жел, тұман және температуралық инверсия сияқты факторлардың үйлесуі.
13 қарашада Қазақстанның жеті қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі. Мұндай кезде атмосферада зиянды заттар жиналып, ауа сапасы нашарлауы мүмкін.
Метеорологтердің болжамынша, қолайсыз метеожағдайлар Павлодар, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау, Алматы және Астана қалаларында болады.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар дегеніміз – желсіздік, баяу жел, тұман және температуралық инверсия сияқты факторлардың үйлесуі. Мұндай кезде зиянды заттар атмосфераның жерге жақын қабатында жиналып, елді мекендердегі ауа сапасына кері әсер етуі мүмкін.
Осыған байланысты мамандар тұрғындарға ашық ауада ұзақ уақыт жүрмеуге, әсіресе көлік жолдары мен ластану көздеріне жақын жерлерде серуендеуді шектеуге кеңес береді. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуеннен бас тартқан жөн.
Созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдар далаға шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүруі керек.
Сондай-ақ ашық ауадағы дене жүктемесін азайтып, спортпен жабық спорт кешендерінде айналысу ұсынылады.