15 Шілде 2026, 08:48 Фото: istockphoto.com

Бүгін үш қалада ауа сапасы нашарлайды

Мамандар мұндай кезде ұзақ серуендеуден бас тартуға шақырады.

Бүгін, 15 шілдеде Алматы, Өскемен және Риддер қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) күтіледі. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлады.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді ауа райы құбылыстарының (желсіздік, әлсіз жел, тұман, инверсия) жиынтығы. Мұндай кезде ауа сапасы нашарлап, тұрғындардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.

Мамандар тұрғындарға:

  • ашық ауада, әсіресе көлік көп жүретін жолдардың маңында ұзақ уақыт болмауға;
  • балаларға, жүкті әйелдерге және созылмалы аурулары бар азаматтарға серуендеуді шектеуге;
  • қажет болған жағдайда дәрі-дәрмектерді өзімен бірге алып жүруге;
  • ашық аспан астындағы қарқынды дене жаттығуларын уақытша тоқтатуға кеңес береді.

Ауадағы ластаушы заттардың шоғырлануына желдің жылдамдығы, жауын-шашын, ауа ылғалдылығы мен температурасы сияқты синоптикалық факторлар әсер етеді.