Бүгін – Ұлы Абайдың туғанына 180 жыл

Бүгін қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушы, ойшыл, композитор, қоғам қайраткері Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақ әдебиетінің классигі, ұлттық сөз өнерінің биік шыңы саналатын Абайдың шығармашылығы мен философиялық мұрасы – ұлт руханиятының темірқазығы.

Абай 1845 жылы 10 тамызда қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында дүниеге келді. Ол шығыс және батыс әдебиетінің озық үлгілерін меңгеріп, қазақ поэзиясына жаңа мазмұн, тың форма енгізді. Ақынның өлеңдері, қара сөздері мен аудармалары халықты білімге, ғылымға, еңбекқорлыққа, бірлікке үндеді.

Абайдың қара сөздері – терең философиялық ой-толғамдар мен өмірлік тәжірибенің түйіні. Онда адамгершілік, әділдік, имандылық, ел бірлігі секілді мәңгілік құндылықтар сөз болады. Сондай-ақ, Абай Пушкин, Лермонтов, Крылов сынды орыс классиктерінің және шығыс шайырларының шығармаларын қазақ тіліне аударып, мәдени байланыстардың дамуына үлес қосты.

Бүгінде Абай есімі ЮНЕСКО деңгейінде ұлықталып, әлемнің көптеген елінде ескерткіштер орнатылған. Қазақстанда жыл сайын тамыз айында «Абай күні» аталып өтіп, түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.

Бұл атаулы дата – тек мерейтой емес, ұлт ұстазы қалдырған асыл мұраны қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа жеткізуге шақыратын маңызды күн.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы