Бүгін ұлттық валюта – теңге күні

Бүгін, 15 қараша – Қазақстанның ұлттық валютасы, төл теңгенің туған күні. Биыл алғаш айналымға енгеніне 32 жыл толып отыр. Осы датаға орай BAQ.KZ тілшісі теңгенің қалыптасу кезеңіне шолу жасап көрді.

Теңгенің тарихы қалай басталды?

1990-жылдары Кеңес Одағы ыдырап, бұрынғы республикалар дербес мемлекет ретінде өз валюталарын енгізуге кірісті. Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалған жоқ. 1993 жылғы 12 қарашада Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын айналымға енгізу туралы» жарлыққа қол қойды.

Ал 1993 жылдың 15 қарашасында теңге ресми түрде қолданысқа енгізілді. Осы күн кейін «Ұлттық валюта күні» ретінде белгіленді.

Ұлттық валютаның тарихындағы үш маңызды кезең:

1993 жылғы 15–20 қараша – ескі ақша теңгеге айырбасталып, ұлттық валюта толық айналымға енді.

1997 жылдан бастап 15 қараша – Валюта күні және Қаржыгерлер күні ретінде аталып өтеді.

1992 жылғы 27 тамызда Ұлттық банк алғашқы теңге купюраларының үлгісін мақұлдаған.

Ұлттық банк – теңгенің жалғыз эмитенті

Қазір Қазақстан аумағында банкноттар мен монеталарды шығару құқығы тек Ұлттық банкке тиесілі. Ұлттық банктің мәліметінше, теңгенің банкноттары мен монеталары арнайы тұжырымдамаға сүйене отырып жасалады. Олардың үлгілері ашық дереккөздерде жарияланады.

Қазақстан аумағында кез келген төлем ұлттық валютамен жүзеге асырылуы тиіс. Банктер мен пошта операторы банкноттар мен монеталарды белгіленген құнымен қабылдауға міндетті.

Инвестициялық немесе коллекциялық монеталар арнайы тәртіппен сатылады.

Алғашқы теңге қандай болды?

Теңгенің алғашқы дизайндарын белгілі суретшілер – Қайролла Әбжәлелов, Ағымсалы Дүзелханов, Тимур Сүлейменов және Меңдібай Алин әзірледі. Алғашқы банкноттарда қазақтың ұлы тұлғалары мен табиғаты бейнеленді:

  • 1 теңге – әл-Фараби
  • 3 теңге – Сүйінбай Аронұлы
  • 5 теңге – Құрманғазы
  • 10 теңге – Шоқан Уәлиханов
  • 20 теңге – Абай
  • 50 теңге – Әбілқайыр хан
  • 100 теңге – Абылай хан

Уақыт өте келе банкноттар жаңарды. Тұлғалар бейнесінің орнына көрікті жерлер мен тарихи нысандарға басымдық берілді. 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 10 000 теңгелік жаңа банкнота шықты.

Алғашқы банкноттар қайда басылды?

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында теңгені басып шығару мүмкіндігі болмағандықтан, алғашқы банкноттар Ұлыбританиядағы Harrison & Sons фабрикасында жасалды. Ақшалар арнайы рейстермен жеткізіліп, 8 күн ішінде тасымалданған.

Қағаз тиындар да сол кезеңде басылған. Бүгінде банкноттардың барлығы Алматыдағы банкнот фабрикасында дайындалады.

Қазақстандағы алғашқы теңге сарайы

1992 жылы Өскемендегі Үлбі металлургия зауытының жанынан Қазақстанның алғашқы теңге сарайы ашылды. 1998 жылдан бастап монеталардың барлығы осы жерде соғыла бастады. Кәсіпорын түрлі металдан монеталар, сондай-ақ ұлттық наградалар мен медальдар дайындайды.

Қазіргі уақытта айналымда:

Банкноттар: 500, 1000, 2000, 5000, 10000, 20000 теңге.

Монеталар: 5, 10, 20, 50, 100, 200 теңге

Төл теңгеміздің әлемдік аренадағы жетістігі

Қазақ теңгесі бірнеше мәрте халықаралық аренада үздік банкнота деп танылды:

  • 2013 жылдың үздік банкнотасы – «Күлтегін» естелік купюрасы (IBNS)
  • 2007 жылы – 10 000 теңгелік банкнота әлемдегі ең үздік деп аталды (IACA)
  • 2015–2016 жылдары – 20 000 теңге халықаралық конкурстарда жоғары марапаттарға ие болды

Бүгінде теңге – Қазақстан тәуелсіздігінің, экономикалық егемендігінің көрінісі. Жыл сайын атап өтілетін Ұлттық валюта күні – осының айқын дәлелі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы