«Бүгін түнгі екіде қоңырау шалды»: Трамп Тоқаевты Майамиге шақырды
АҚШ конгрессмені Джейсон Смит Қазақстан Президентіне Трамптың сәлемін жеткізді. Ол Тоқаевтың G20 саммитіне қатысу үшін Майамиге келетінін айтты.
Президент Конгресс мүшелерін еліміздің жалпыхалықтық қолдауға ие болған жаңа Конституциясындағы негізгі аспектілермен таныстырды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы сан қырлы қазақ-америка серіктестігі сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық, озық технологиялар, ғылым, білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастыққа баса мән бере отырып, қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.
Мемлекет басшысы Президент Дональд Трамппен конструктивті әрі сенімді диалогтың арқасында екі елдің қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгенін айтты.
Көпжақты форматта да жемісті ынтымақтастық орнады. Мұның айқын дәлелі – Қазақстан Американың жаһандық және өңірлік тұрақтылықты нығайту бастамаларына, соның ішінде Бейбітшілік кеңесі мен Ибраһим келісімдеріне қолдау білдірді.
Бұл ретте Президент Қазақстан мен АҚШ ядролық қауіпсіздікті нығайту және жаппай қырып-жою қаруын таратпау ісінде де маңызды рөл атқаратынына назар аударды.
Америкалық делегацияны бастап келген конгрессмен Джейсон Смит арнайы қабылдағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, АҚШ Президентінің сәлемін жеткізді.
Бүгін түнгі екіде маған Президент Дональд Трамп қоңырау шалды. Мен оған бірнеше сағаттан соң Сізбен кездесетінімді айттым. Ол Сізге ізгі тілегін жолдап, араларыңызда қалыптасқан сенімді әрі конструктивті қарым-қатынасқа ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Президент Сізді G20 саммитіне қатысу үшін Майамиде күтетінін айтты. Біздің сапарымыздың бір мақсаты – Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін зерделеу. Біз екіжақты ынтымақтастықты нығайту жолында мазмұнды диалог өрбітуге бейілміз. Президентіміз бұған айрықша маңыз артып отыр, – деді Джейсон Смит.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Майамиге жоспарланған алдағы сапары Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікке тың серпін беретініне сенім білдірді.
Тағы оқи отырыңыз: Тоқаев АҚШ Конгресі делегациясын қабылдады: Құрылтайдың алғашқы қадамдары талқыланды