Бүгін – Тәуелсіздік күні
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін елімізде ұлық мереке - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні.
1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіз ел ретіндегі өзінің мүлде жаңа тарихына қадам басты. Сол күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңына қол қойды. Ал бұл заңның Жоғарғы Кеңесте талқылап, қабылдануы да сол кезең үшін үлкен белес еді.
Тәуелсіздік күні - 1991 жылғы желтоқсанның 16-сында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» және 2008 жылғы 25 маусымдағы және 2009 жылғы 22 сәуірдегі заңдармен өзгертулер енгізілген 2001 жылғы желтоқсанның 13-інде «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес аталып өтеді.
1991 жылы Тәуелсіздігін күллі әлемге жариялағанда ең алғаш болып түбі бір, қаны, діні, тілі бір Түркия мемлекеті мойындады. Артынша АҚШ, Қытай, Ұлыбритания секілді әлемнің алпауыттары да елімізді таныды.
Кезінде ешкім танымайтын, таныса да Ресейдің бір бөлігі деп қана білетін Қазақстанды бүгінде күллі әлем халықтары экономикасы дамыған, бірнеше халықаралық ұйымдардың мүшесі, әлемдік сахнада өзіндік ықпалы бар мемлекет деп білетін дәрежеге жетті.
Еліміз әлем елдеріне тыныштықтың, бірліктің, бейбітшіліктің символы бола алды.
Халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігіне ие болғанымызға биыл 29 жыл толып отыр. Қазақстан халқы алмағайып өтпелі кезеңнің барлық қиындықтарын жеңіп, қазір әлемдік сахнаға көтерілді. Республикамыздың осындай биіктіктерді бағындыруына барлық адамдар сүбелі үлес қосып келеді. 29 жыл деген айтарлықтай көп уақыт емес шығар, алайда осы аралықта қазақ елі экономикасымен қоса рухани, мәдени жағынан болсын қарыштап дамыды. Мұның барлығы Тәуелсіздіктің арқасы екені баршамызға мәлім. Олай болса еліміздегі басты мейрамы Тәуелсіздік күні құтты болсын!