Бүгін тарих жаңарды: Елдос Сметов Олимпиададағы жеңісі туралы

Дзюдодан еліміздің тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған Елдос Сметов Париждегі жеңісіне қатысты сұхбат берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қолдауларыңызға, ыстық тілектеріңізге рахмет! Сол дұғаның арқасында бүгін міне елімізде тарих жаңарып отыр. Күрес түрлерінен Жақсылық (Үшкемпіров – ред.) атамыздан кейінгі Олимпиада чемпионы (атану – ред.) тағдырымызға жазылған екен. Біріншісінде көрдік, күміс болды. Екіншісінде көрдік, қола болды. Енді үшіншісінде бел буып келген жайымызда үлкен жетістікке қол жеткіздік. Бұл көптеген еңбекті талап етеді. Қаншама қиыншылықтарды өткеннен кейін Алла Тағала тағдырымызға жазған екен. Өте қуаныштымын! – деп ағынан жарылды Олимпиада чемпионы.

Еске салайық, Елдос Сметов дзюдодан ел тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды.

60 келі салмақта белдескен қазақстандық спортшы финалда кілем қожайыны франциялық Лука Мхелидзені жеңіп, спорттық мансабындағы үшінші олимпиадасында алтын жүлдеге қол жеткізді.

Айта кетейік, осыған дейін Елдос 2016 жылы күміс, 2020 жылы қола жүлде еншілеген еді.

Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада чемпионы Елдос Сметовті құттықтады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: olympic.kz
Өзгелердің жаңалығы