Бүгін Шымкентте Great Qazaq Games — «Ұлы қазақ ойындары» басталады
Шымкенттің Бозарық елдімекенінде салынған жаңа атшабарда Great Qazaq Games басталғалы жатыр, деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Ат шаптырым аумақта ұйымдастырылатын этнофестиваль төрт бағыт бойынша өтіп, Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз мейрамына арналып отыр.
Тілшіміздің дайындық барысынан фотосуреттерін жариялап отырмыз.
Атап айтқанда, қатысушылар Ulttyq oiyn (аламан бәйге, көкпар, топ бәйге, аударыспақ, құнан бәйге, қазақ күресі, теңге ілу, жамбы ату, садақ ату), Ulttyq tagam (бауырсақ, қымыз, сірне, шұбат, жент, қуырдақ, ет), Ulttyq oner (терме, жыр, қобыз бен домбырада күй, дәстүрлі ән, жетіген, айтыс, би) және Ulttyq kiim (қамзол, сәукеле, қалыңдық киімі, тақия, шапан, ерлер киімі үлгілері) бойынша сайысқа түседі.
Жобаның бас продюсері Жан Мұхановтың айтуынша, Ұлттық ойын бағытына 1200 спортшы қатысады.
Ал қалған бағыттар бойынша 150 қатысушыдан тіркеліпті. Олардың бәрі командалар екен.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен және көршілес елдерден, Түркиядан қатысушылар келіпті.
Бүгін 20 наурыз ашылуы өтіп, 22 наурызда қорытындысы шығады.
Жүлде қоры 75 млн теңгеден 100 млн теңгеге ұлғайды.
Тілшіміздің Great Qazaq Games этнофестивалі аумағындағы дайындық барысынан фото ұсынамыз.