"Бүгін қуанып тұрмын". Аймағамбетов әділетсіздік жойылғанын айтты

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бүгін балалардың қосымша білім алуы мен әлеуметтік осал отбасылардың балаларына көмек көрсетуге қатысты түзетулер қабылданғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат қандай түзетулер енгізілгенін жеке-жеке түсіндіріп берді.

1. Жекеменшік мектептерде оқитын әлеуметтік осал отбасылардың балаларына әлеуметтік көмек көрсету.

Бұған дейін теңсіздік болған. Яғни мемлекеттік мектептердің балалары “Жалпыға міндетті білім беру” қоры арқылы көмек ала алса, жекеменшік мектептердегі балалар бұл мүмкіндіктен айырылған еді. Жекеменшік мектептердің саны өсіп келеді және онда әлеуметтік осал отбасылардың балалары оқып жатыр. Енді бұл әділетсіздік жойылды. Жекеменшік мектептердегі балалар да “Жалпыға міндетті білім беру” қоры арқылы мектеп формасын, оқу құралдарын және басқа да қажеттіліктерге көмек ала алады. Бұл шешім бүкіл ел бойынша ондаған мың отбасын қолдайды, - деді депутат.

2. Мемлекеттік тапсырыс алатын балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары үшін хабарламалық тәртіп енгізу.

Аймағамбетовтің сөзінше, қазіргі уақытта бұлсалада тіпті қарапайым бақылау да жоқ: мемлекет қандай орталықтардың ашылатынын, жабылатынын немесе балаларға қызмет көрсететінін білмейді. Хабарламалық тәртіп бұл мәселені белгілі бір дәрежеде шешеді, бірақ бұл үдеріс қатысушыларға артық бюрократиялық жүктеме жүктемейді.

Мәжіліс депутаты оның мағынасын түсіндірді.

• Өз қызметін бастаған немесе тоқтатқан ұйым бұл туралы мемлекеттік органдарға хабарлауы тиіс.

• Бұл лицензиялау емес — бұл аталған ұйымдардың саны менжұмысын есепке алуға мүмкіндік беретін жеңілдетілген және ең қарапайым деңгейдегі шара.

Бұл қосымша кедергілер тудырмайды, бірақ жауапкершілік деңгейін қамтамасыз етеді.

Бұл бастамаларды 2022 жылы министрлікте істеген кезде әзірлеген болатынбыз. Сол кезде біз бұл өзгерістердің негізін қаладық, бірақ ұзақ рәсімдерге байланысты оларды толық жүзеге асыруға үлгермедік.

Бүгін мен біздің жұмысымыз аяқсыз қалмай, Оқу-ағарту министрлігімен жалғасып, нәтижеге жеткізілгеніне қуанып тұрмын. Бұл мәселеде сабақтастықты көрдік. Бұл шешімдер — балалар қауіпсіздігі, мүмкіндіктер теңдігі және әділеттілік туралы. Осы түзетулерді дайындауға және қолдауға қатысқандардың бәріне алғысымды білдіремін, - деп айтты Асхат Аймағамбетов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы