Бүгін оңтүстікте шаңды дауыл тұрып, солтүстік пен орталыққа тұман түседі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қыркүйектің 4-і күні республиканың солтүстігінде, солтүстік-шығысында, шығысында, оңтүстік-шығысында атмосфералық фронталды бөліктердің өтуіне байланысты ауа райы құбылмалы болады, деп хабарлады "Қазгидромет" РМК.

Мәліметке сүйенсек, республиканың кей жерінде найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Шығыста нөсерлетеді. Қазгидромет болжамы бойынша, елдің қалған аумағында күн жауын-шашынсыз болады. Республиканың кей жерінде жел күшейіп, дауыл тұрады, оңтүстікте шаңды дауыл тұрып, солтүстікке және орталыққа тұман түседі. Кей жерінде бұршақ жаууы ықтимал.

Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерінде дауыл тұрып, жел күшейіп, жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді. Шығыс Қазақстан облысының кей жерінде желдің жылдамдығы секундына 25 метрге дейін жетуі мүмкін. Бұршақ жаууы ықтимал.

Тәулік бойы Ақмола, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай облыстарында, күндіз Алматы облысында, таңертең және күндіз Қызылорда облысының бірқатар өңірінде жел секундына 15-20 метр жылдамдықпен соғады.

Күндіз Павлодар облысында желдің екпіні 25 м/с болады. Ақмола, түнде Қарағанды облыстарының кей жеріне тұман түседі. Түркістан облысының кей жерінде шаңды дауыл тұрады.

Қызылорда облысының кей жерінде, Атырау, Алматы облысының батысында, Түркістан облысының шығысында, Батыс Қазақстан облысының оңтүстігінде, Қарағанды облысының оңтүстік батысында төтенше өрт қаупі сақталады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы