Бүгін Нью-Делиде БРИКС саммиті басталды
XVIII БРИКС саммитіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысады. Мемлекет басшысы Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модидің шақыруымен Нью-Делиге жұмыс сапарымен барды.
Бүгін Үндістанның Нью-Дели қаласында XVIII БРИКС саммиті басталды. Маңызды халықаралық жиын 12–13 қыркүйек күндері Bharat Mandapam кешенінде өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл БРИКС-ке Үндістан төрағалық етіп отыр. Саммитке БРИКС-ке мүше және серіктес мемлекеттердің басшылары, сондай-ақ арнайы шақырылған елдердің өкілдері қатысады.
Үндістанның 2026 жылғы БРИКС-ке төрағалығы «Орнықтылықты, инновацияны, ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайту» тақырыбымен өтіп жатыр. Бұл тұжырымдама адамға бағдарланған және «Адамзат бәрінен жоғары» қағидатына негізделген ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Саммит барысында мемлекет басшылары БРИКС аясындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін, ортақ басымдықтарды, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылайды.
XVIII БРИКС саммитіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысады. Мемлекет басшысы Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модидің шақыруымен Нью-Делиге жұмыс сапарымен барды.
Президент саммит аясында «Орнықтылықты, инновацияны, ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайту» тақырыбына арналған «аутрич»/«БРИКС+» форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйлейді.
Сапар бағдарламасында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модимен келіссөз жүргізуі, сондай-ақ бірқатар мемлекет және үкімет басшыларымен кездесуі жоспарланған.
Үндістанның биылғы төрағалығы аясында елдің 25-тен астам қаласында 350-ден астам кездесу мен жоғары деңгейдегі іс-шара өткізілді. Олардың барысында БРИКС-тің стратегиялық серіктестігін үш негізгі бағыт бойынша дамыту мәселелері қаралды. Атап айтқанда, саяси және қауіпсіздік, экономикалық және қаржылық, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық және халықтар арасындағы байланыстарды нығайтуға басымдық берілді.
Айта кетейік, Үндістан БРИКС-тің негізін қалаушы мемлекеттердің бірі. Ел бұған дейін 2012, 2016 және 2021 жылдары ұйымға төрағалық етті. Ал 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Үндістан БРИКС-ке төртінші рет төрағалық ету міндетін қабылдады.
Биыл БРИКС-тің құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осыған байланысты Нью-Делидегі XVIII саммит ұйымның дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі болмақ.