Бүгін Мәжілісте депутаттар тағы ант берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліске жаңадан сайланған депутаттардың кейбірі сессияның ашылуына келе алмаған еді. Солар бүгін жалпы отырыста ант берді.

Конституциямызға сәйкес Парламенттің депутаттары Қазақстан халқына ант береді. Аталған әріптестеріміз белгілі себептермен біздің бірінші жалпы отырысымызға қатыса алмады. Осыған байланысты қазір Қазақстан халқына ант беру үшін Мәжіліс депутаттары, яғни Берік Әбдіғалиұлы, Анатолий Бойчин, Юрий Жулин, Вера Ким, Юлия Кучинская, Айгүл Құспан шақырылады, - деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Алты депутаттың төртеуі мемлекеттік тілде ант берді. Олар: Берік Әбдіғалиұлы, Юрий Жулин, Юлия Кучинская, Айгүл Құспан. Ал, өкінішке қарай, Вера Ким мен Анатолий Бойчин 3-4 сөйлемнен тұратын мемлекеттік тілдегі антты оқып бере алмады.

Негізі анттың мемлекеттік тілдегі мәтіні мынандай:

Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен Тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға ант етемін.

Былай қарасаң, аса қиын мәтін емес. Бірақ «халық қалаулылары» Қазақ елінің депутат деген мандатын иеленіп отырып, антты ең құрығанда мемлекеттік тілде берсе ғой дейсің...   

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы