Бүгін халықаралық қауымдастық алғаш рет Түркі тілдері күнін атап өтеді

Бүгін, 15 желтоқсанда халықаралық қауымдастық алғаш рет Дүниежүзілік Түркі тілдері күнін атап өтеді. Бұл күнді белгілеу туралы шешім қараша айында Самарқанд қаласында өткен ЮНЕСКО-ның Бас конференциясында қабылданған, деп хабарлайды BAQ.KZ Report-қа сілтеме жасап.

Күннің таңдалуы тарихи әрі символдық мәнге ие. Дәл осы күні, 1983 жылдың 15 желтоқсанында дат лингвисі Вильгельм Томсен Орхон жазбаларының әліпбиін сәтті шешкенін жариялаған. Орхон жазулары – түркі халықтарының ең көне жазба ескерткіштерінің бірі. Олар VIII ғасырда Ежелгі түріктер тарапынан Орхон алқабында, қазіргі Моңғолия аумағында жазылған және 1889 жылы ғылыми айналымға енген.

Вильгельм Томсеннің бұл жаңалығы Еуразия кеңістігін мекендейтін ондаған халықтың ортақ тілдік және мәдени мұрасы туралы терең ғылыми түсінік қалыптастыруға жол ашты. Орхон жазбалары түркі өркениетінің тарихы мен дүниетанымын зерттеуде баға жетпес дереккөз болып саналады.

Бүгінде түркі тілдері шамамен 12 миллион шаршы шақырым аумақта таралған және 200 миллионнан астам адамның ана тілі немесе қатынас тілі ретінде қолданылады. Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстан тілдері түркі тілдер отбасының негізін құрайды. Сонымен қатар, түркі халықтарының бай жазба мұрасы мен ауызша дәстүрлерін 10-нан астам мемлекет бөліседі.

Дүниежүзілік Түркі тілдері күнін бекіту бастамасын Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан көтеріп, оны 21 мемлекет қолдады. Бұл күн түркі тілдерінің тарихи маңызын, мәдени құндылығын және қазіргі заманғы дамуын халықаралық деңгейде дәріптеуге бағытталған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: АР/ТАСС
Өзгелердің жаңалығы