Бүгін елордада терроризмге қарсы оқу-жаттығу өтеді
Бүгін «Нұрлы жол» вокзалы маңында терроризмге қарсы оқу-жаттығу өтеді. Бұл туралы елордалық терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штаб ақпарат таратты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
29 сәуірде сағат 11:00-ден 16:00-ге дейін «Нұрлы жол» теміржол вокзалы (М. Тынышбайұлы көшесі, 8) жағдайындағы терроризмге қарсы күрес жөніндегі елордалық жедел штаб жоспарлы терроризмге қарсы оқу-жаттығу өткізуді жоспарлап отыр. Іс-шараның мақсаты – жедел штаб күштері мен құралдарының террористік көріністерге шұғыл ден қою, терроризм актісінің салдарын азайту және жою жөніндегі міндеттерді орындауға дайындығын тексеру, - делінген хабарламада.
Жаттығу әр түрлі қиындық элементтерімен жауынгерлік жағдайларға мүмкіндігінше жақындатылған.
Теміржол вокзалының қоршауында шектеу шаралары қарастырылған.
Осыған байланысты, азаматтарды өткізілетін оқу іс-шараларына түсіністікпен қарауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға және мемлекеттік органдардың жұмылдырылған қызметшілерінің заңды талаптарын орындауға шақырамыз, - делінген штаб хабарламасында.