Бүгін еліміздің жеті қаласында ауа сапасы нашарлайды
Осыған байланысты мамандар тұрғындарға ашық ауада болу уақытын қысқартуды, әсіресе көлік жолдары мен ластану көздеріне жақын жерде ұзақ жүрмеуді ұсынады.
Бүгін, 16 қарашада Қазақстанның жеті қаласында атмосфералық ауаның ластануына ықпал ететін қолайсыз метеорологиялық жағдайлар болжанып отыр. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлады.
Синоптиктердің мәліметінше, қолайсыз метеожағдайлар Қарағанды, Теміртау, Өскемен, Семей, Павлодар және Астанада күтіледі. Ал Талдықорғанда мұндай жағдай күндізгі уақытта болжанған.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – желсіздік, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия сияқты факторлардың әсерінен зиянды заттардың атмосфераның жерге жақын қабатында жиналуына ықпал ететін құбылыстар. Мұндай кезде елді мекендердегі ауа сапасы нашарлауы мүмкін.
Осыған байланысты мамандар тұрғындарға ашық ауада болу уақытын қысқартуды, әсіресе көлік жолдары мен ластану көздеріне жақын жерде ұзақ жүрмеуді ұсынады. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуеннен бас тартқан жөн.
Ал өкпенің созылмалы, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдар далаға шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүруі керек. Сондай-ақ ашық ауадағы дене белсенділігін шектеп, спортпен жабық кешендерде айналысу ұсынылады.