Бүгін еліміздің үш қаласында ауа сапасы нашарлайды
Мамандар қолайсыз метеожағдайлар кезінде сақтық шараларын естен шығармауға кеңес береді.
Бүгін, 21 қазанда Қазақстанның үш қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) болжанады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлады.
Синоптиктердің болжамынша, қолайсыз метеожағдайлар Алматы мен Атырауда күндіз, ал Жезқазғанда түнде күтіледі.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін әлсіз жел, желсіздік, тұман және температуралық инверсия сияқты қысқа мерзімді факторлардың жиынтығы.
Мұндай кезде елді мекендердегі ауа сапасы нашарлап, адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Ауадағы ластаушы заттардың мөлшеріне желдің бағыты мен жылдамдығы, жауын-шашын, ылғалдылық және ауа температурасы секілді факторлар ықпал етеді.
Мамандар қолайсыз метеожағдайлар кезінде сақтық шараларын естен шығармауға кеңес береді.