25 Шілде 2026, 08:54
Фото: depositphotos.com
Бүгін еліміздің үш қаласында ауа сапасы нашарлайды
Мамандар мұндай кезде ашық ауада ұзақ серуендеуден бас тартуға кңес береді.
Бүгін, 25 шілдеде Қазақстанның үш қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай күтіледі. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлімдеді.
Синоптиктердің болжамынша, қолайсыз метеожағдайлар Ақтөбе мен Қостанайда, сондай-ақ Атырауда түнгі уақытта байқалады.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді ауа райы құбылыстарының (тынық ауа, әлсіз жел, тұман, температуралық инверсия) жиынтығы. Мұндай кезде елді мекендерде ауа сапасы нашарлап, тұрғындардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
Осыған байланысты мамандар тұрғындарға:
- ашық ауада ұзақ уақыт болмауға, әсіресе автокөлік жолдары мен өндіріс орындарының маңында серуендеуді шектеуге;
- балаларға, жүкті әйелдерге және созылмалы жүрек-қан тамырлары, тыныс алу немесе аллергиялық аурулары бар адамдарға сақтық шараларын күшейтуге;
- дене жаттығулары мен спорттық белсенділікті ашық ауада емес, жабық ғимараттарда өткізуге кеңес береді.