Бүгін еліміздің үш қаласында ауа сапасы нашарлайды
Синоптиктер азаматтарға, әсіресе тыныс алу жүйесі аурулары бар адамдарға, балалар мен қарттарға мүмкіндігінше ашық ауада ұзақ уақыт болмауға кеңес береді.
«Қазгидромет» РМК бүгін, 25 маусымда еліміздің бірқатар қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар қалыптасатынын ескертті.
Синоптиктердің болжамынша, күндіз Талдықорған қаласында, ал түнгі уақытта Теміртау мен Ақтөбе қалаларында атмосфералық ауа сапасы нашарлауы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін табиғи факторлардың жиынтығы. Оларға желдің әлсіз болуы, тұман, ауа температурасының инверсиясы және тымық ауа райы жатады.
Осындай жағдайларда ауадағы ластаушы заттардың концентрациясы артып, тұрғындардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
Сондықтан экологтар мен синоптиктер азаматтарға, әсіресе тыныс алу жүйесі аурулары бар адамдарға, балалар мен қарттарға мүмкіндігінше ашық ауада ұзақ уақыт болмауға кеңес береді.