9 Қыркүйек 2026, 08:31 Фото: pixabay

Бүгін еліміздің  төрт қаласында ауа сапасы нашарлайды

Мамандар мұндай жағдайда ашық ауада, әсіресе көлік қозғалысы көп жолдар мен ластану көздерінің маңында ұзақ жүрмеуге кеңес береді.

Бүгін, 9 қыркүйекте Қазақстанның төрт қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі. Бұл туралы «Қазгидромет» хабарлады.

Синоптиктердің болжамынша, Алматы, Өскемен және Ақтөбе қалаларында қолайсыз метеожағдай қалыптасады. Ал Семейде мұндай жағдай түнгі уақытта болжанып отыр.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – атмосфераның төменгі қабатында ластаушы заттардың жиналуына ықпал ететін ауа райы факторларының жиынтығы. Соның салдарынан аталған қалаларда ауа сапасы уақытша нашарлауы мүмкін.

Мамандар мұндай жағдайда ашық ауада, әсіресе көлік қозғалысы көп жолдар мен ластану көздерінің маңында ұзақ жүрмеуге кеңес береді. Сондай-ақ даладағы қарқынды дене белсенділігін шектеген жөн.