Бүгін еліміздің төрт қаласында ауа сапасы нашарлайды
Бүгін, 23 желтоқсанда Қазақстанның бірқатар өңірінде қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Синоптиктердің мәліметінше, қолайсыз метеожағдайлар Атырау, Алматы, Павлодар және Балқаш қалаларында болжанып отыр.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді факторлар жиынтығы. Оларға желсіздік, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия жатады.
Мұндай жағдайда елді мекендерде ауа сапасы нашарлап, тұрғындардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Ластану деңгейіне желдің жылдамдығы, жауын-шашын, ауа ылғалдылығы мен температурасы әсер етеді.
Осыған байланысты мамандар тұрғындарға ашық ауада болу уақытын қысқартуға, әсіресе автожолдар мен ластану көздерінің маңында ұзақ жүрмеуге кеңес береді. Балаларға, жүкті әйелдерге, сондай-ақ тыныс алу, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдарға ерекше сақтық таныту ұсынылады.
Сондай-ақ ашық ауадағы физикалық белсенділікті шектеп, спортпен жабық ғимараттарда айналысу қажет.