Бүгін еліміздің сегіз қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай күтіледі
Қолайсыз метеорологиялық жағдай – тынық ауа, әлсіз жел, тұман және инверсия сияқты қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың үйлесуі. Мұндай жағдайлар зиянды және ластаушы заттардың атмосфераның жерге жақын қабатында жиналуына ықпал етеді.
25 тамызда Қазақстанның сегіз қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай (ҚМЖ) болжанады. Мамандар тұрғындарға ауа райы жағдайын ескеріп, қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауды ұсынды.
Синоптиктердің мәліметінше, 25 тамызда Жезқазған, Балқаш және Ақтөбе қалаларында, ал түнгі уақытта Атырау, Петропавл, Қарағанды, Теміртау және Астанада қолайсыз метеорологиялық жағдай күтіледі.
Қолайсыз метеорологиялық жағдай – тынық ауа, әлсіз жел, тұман және инверсия сияқты қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың үйлесуі. Мұндай жағдайлар зиянды және ластаушы заттардың атмосфераның жерге жақын қабатында жиналуына ықпал етеді.
ҚМЖ кезінде елді мекендердегі ауа сапасы нашарлап, бұл адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
Ауадағы ластану деңгейінің қалыптасуына синоптикалық жағдайдың болжамы, соның ішінде жел, жауын-шашын, ауа ылғалдылығы мен температура әсер етеді.
Қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде:
- ашық ауада болу уақытын, әсіресе автожолдар мен басқа да ластану көздеріне жақын жерлерде жүруді қысқарту керек. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ уақыт серуендеуден бас тарту ұсынылады;
- өкпенің созылмалы аурулары, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдар сыртта жүрген кезде қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүруі қажет;
- ашық ауадағы физикалық жүктемені шектеген жөн. Дене шынықтыру және спортпен айналысуды жабық спорт кешендерінде өткізген дұрыс.